Басты Жаңалықтар Қазақтың амандасу әдебі қалай болған?

Қазақтың амандасу әдебі қалай болған?

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы амандасу әдебіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуын, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің беттен сүйіп сәлемдесуін қазақтың дәстүріне жат деп бағалады. Оның айтуынша, қоғамда өзара құрмет пен ұлттық әдеп нормаларын қайта жаңғырту қажет. Президенттің бұл пікірі қаламгерлер арасында да қолдау тапты. Олардың айтуынша, қазақтың дәстүрлі амандасуында адамның жасына, жынысына және үлкен-кішілігіне қарай қалыптасқан өзіндік жөн-жосық болған. Кіші адамның үлкенге ізетпен сәлем беруі, келіннің сәлем салуы – ұлттық тәрбиенің көрінісі. Қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов қазақта құшақтасып көрісу болғанын, алайда оның күнделікті амандасуға қатысы болмағанын айтады. Ал ақын Ғалым Қалибекұлы амандасудың өзінде тазалық пен ізет қатар жүруі керегін атап өтті.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

Үлкенге сәлем беру, жастың сәлемін алу, оған сол сәлемін алып тұрып батасын беру: алды разы болсын, жасың құтты болсын, жасың ұзақ болсын деген сөздерді біздің қазақтың ақсақалдары көп айтатын. Кейінгі кезде бірімен-бірі құшақтасып амандасуы, бірімен-бірі сүйісуі сондай бір келеңсіз жағдайлар боп кетті. Мен кейде мына қасымызда тұрған Қытай деген халықтың бір-бірімен амандасуына қарап, таң қаламын. Әсіресе, мына ер адам мен әйел адам жақындасып келіп, бір-бірінің бетінен сүймейді. Бұл бізде бар этика бұрыннан. Соны бұзып алдық, ұмыта бастадық. Мен Президентті тыңдап отырып ойлаймын, ол кісі бір реті келгенде айта салған сөз емес. Бұл оның ішкі жан дүниесінде ойлап жүрген біздің ұлттық тәрбиемізге үлкен концепция ойлап жүрген сияқты. Жан-жақты.
Ғалым Қалибекұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
Жасап отырған ғасырымызда жағалай қол беріп амандасудың өзі дұрыс емес нәрсе. Себебі біз тазалық деген нәрсеге ең алдымен мән беретін халықпыз ғой. Ас ішіп отырған адамға олай қол берген дұрыс емес қой. Ол кісі айтып жатыр: қол беру керек, қолды қатты қысып амандасу керек. Болмағанда қолымызды төсімізге басып, сәлемдесейік деген нәрселерді айтып жатыр. Меніңше, біздің байырғы дәстүріміз бойынша кеудемізге қолымызды қойып, іздет білдіріп бас изеп амандасу деген өте дұрыс.


Бөлісу