Басты Жаңалықтар Халықаралық байқаушылар: Сайлау жоғары деңгейде өтті

Халықаралық байқаушылар: Сайлау жоғары деңгейде өтті

Қазақстанның сайлау тәжірибесін басқа елдерге үлгі ретінде көрсетуге болады. Науқан өте жоғары деңгейде өтті. Халықаралық байқаушылар осылай дейді. Сайлаудың басы-қасында болып, талаптардың сақталуын қадағалаған мамандармен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тілдесті.

Құрылтай сайлауында азаматтар белсенділік танытты. Тіпті елордада жауған толассыз жаңбыр да дауыс берушілерге кедергі болған жоқ. Астана мен қала маңындағы сайлау учаскелерін аралаған Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылары осылай дейді.
Бодош Мамрова, халықаралық байқаушы:
Мені таңғалдырып, мені бір разы қылғаны – сайлауға халықтың бей-жай қарамайтынын білдім. Өйткені учаскелердің бірінде 92 жастағы ақсақал баласымен келіп дауыс берді.
Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылары Қазақстанға 20 тамызда келген. Сайлауалды дайындық жұмыстарынан бастап, науқанды бастан-аяқ бақылаған мамандар ешқандай заң бұзушылық байқамағанын жеткізді.
Наталия Павлюченко, халықаралық бақылаушы:
Мен бұған дейін наурыз айында өткен референдумда байқаушы болдым. Сондықтан сеніммен айта аламын, Қазақстан - мұндай саяси науқандарды халықаралық стандарттарға сай, жоғары деңгейде өткізе алатынын ел.
Ал Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Осман Местен Құрылтай сайлауын тарихи оқиға деп атады. Сондай-ақ Қазақстанның сайлау тәжірибесін басқа елдерге үлгі ретінде көрсетуге болады деді.
Осман Местен, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы:
Қазақстанда өткен Құрылтай сайлауы Түркі мемлекеттері үшін үлгі болады деп санаймын. Өйткені осы жолғы науқанда жасанды интеллект пен жаңа технологиялар қолданылды. Осыған біз де келуіміз керек. Әрине сайлау Конституцияға, конституциялық заңға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтті. Мұны да айта кету керек.
Сарапшылардың пайымынша, еліміздің саяси жүйесінде тарихи өзгеріс болып жатыр. Қазақстанның бір палаталы Құрылтайға бет бұруы – елдің заң шығару жүйесін жаңғыртып, шешім қабылдау үдерісінің сапасын арттырады.
Анджей Казмерский, Kontrolerinfo басылымының бас редакторы /Польша/:
Қазақстанда демократия дамып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Құрылтай сайлауында дауыс беру құқығы бар азаматтардың 74 пайызы өз таңдауын жасапты. Бұл Еуропа елдеріндегі көрсеткішпен бірдей. Халықтың саяси белсенділігін байқап отырмыз.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Сайлау кезінде дауыс беру барысын 777 шетелдік байқаушы қадағалады. Олар 42 мемлекеттен, 13 халықаралық ұйымның өкілдері. Мамандар науқан талапқа сай өткенін айтып отыр.


Бөлісу