Басты Жаңалықтар Жаңа автокөпір құрылысы басталды

Жаңа автокөпір құрылысы басталды

Оралда қуаттылығы тәулігіне 40 мың автокөлік жүретін алып көпірдің құрылысы басталды. Өткел өзен арқылы өтетіндіктен, техникалық күрделі шешімдермен салынып жатыр. Нысанның әлеуметтік маңызы сол – жаңа көпір салынған соң, тұрғындар орталыққа қазіргідей 1 сағатта емес, 15 минутта жете алады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Бүгін – ел дамуын айқындайтын тарихи күн. Бұл күні батысқазақстандықтар  болашаққа бағытталған стратегиялық нысанның құрылысын бастады. Осы жерде көпір салынып жатыр. Аоып нысанның құрылысына  35,8 млрд теңге  жұмсалады.  Өткел Шаған өзені арқылы өтеді. Қазір құрылыстың қалай жүріп жатқанын кәсіпорын қызметкерінен сұрап білейік. Саламатсыз ба, Руслан, алдымен, бүгін сайлау күні ғой, дауыс бердіңіз бе? -Иә, түскі ауысымда сайлауға барып келдім. - Жақсы, ал қазір қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Руслан Кенжеғалиев, Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер:

Қазір көпірдің бірінші тіреуінің орны қазылып жатыр. Бір тіреуге 36 свай қағылады. Бұрғылау техникасымен ұңғыма қазылып, темір қаңқа салынады. Оған арнайы маркалы берік бетон құйылады. Ұңғыма тереңдігі 15-18 метр.

Бүгін жексенбі болса да, құрылыс басында қызу еңбек. Мына жерде жұмысшылар қаданың темір қаңқасын торлап, дәнекерлеп жатыр. Жалпы құрылыста 50-ден астам адам еңбек етеді. Ал әлеуметтік нысанның ұзындығы жолымен қосқанда – 4,3 шақырым, көпірдің ені 14 метр болады.

Азамат Халелов, Қала әкімінің орынбасары:

Көпір мен жол 125 гараж бен 5 бизнес нысанынан өтеді. Сондықтан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы бүгінде басталып кетті. Осы жобаның маңыздылығын ескерген халық тарапынан жалпы қолдау бар.

Іс басында 30-дан астам техника жұмылдырылған. Көпір құрылысы 2028 жылы аяқталмақ. Нысан тапсырылған кезде тұрғын саны 150 мыңға ұлғаятын Зачаган кенті мен «Ақжайық» шағынауданының түйіткілді мәселесі шешілмек. Ал біз құрылыста жүрсек те, сайлау барысын телемарафоннан онлайн бақылап отырамыз.


Бөлісу