Байқаушылар дауыс беру талапқа сай өткенін айтты
Құрылтай сайлауының ашық әрі әділ өтуін шетелдік байқаушылар да назарда ұстап отыр. Дауыс беру барысын қадағалауға 777 шетелдік байқаушы келген. Олар 42 мемлекеттен 13 халықаралық ұйымның өкілдері. Мамандар дауыс беру кезінде барлығы талапқа сай болғанын айтты.
Қазақстандағы тұңғыш Құрылтай сайлауына шетелдік байқаушылардың қызығушылығы жоғары болды. Арнайы келген мамандар қатарында 41 елдің парламенттерінен 138 депутат бар. Байқаушылар бүгінгі процесс конституциялық реформаның нәтижесі екенін атап өтті.
Эдуард Северин, Халықаралық байқаушы:
Барлығы халықаралық стандарттарға сай. Жексенбі болғанына қарамастан, таңғы 7-ден бастап кейбір дауыс беру учаскелерінде шағын кезектер түзілді. Бұдан халықтың елдегі саяси процестерге қызығушылығы жоғары екенін көруге болады.
ТМД парламентаралық ассамблеясынан сайлауды байқауға 69 өкіл қатысты. Олар барлық партиялармен кездескенін және басқосу жоғары деңгейде өткенін мәлімдеді. Сонымен бірге дауыс беруге жастардың белсенді қатысып жатқанын айтты.
Казбек Тайсаев, Халықаралық байқаушы:
Бірнеше учаскеде болдық. Бірде бір заңбұзушылық тіркелген жоқ. Орталық сайлау комиссиясының жұмысын ерекше атап өткіміз келеді. Өте кәсіби команда. Сонымен бірге халықтың еркін дауыс беруіне жағдай жасалған. Адамдар жақсы оң өзгерістерді күтеді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясының байқаушылары сайлау комиссиялары мүшелерінің мұндай шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар екенін айтты.
Андрей Картополов, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі:
Учаскелер сайлаудың заңнама талаптарына қатаң сәйкес өтуі үшін қажетті дүниемен толық қамтамасыз етілген. Бұл учаскелерде жұмыс істеуге тартылған қызметкерлер дайындықтан өткен, өздерінің функционалдық міндеттерін біледі.
Ал, Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылары Қазақстанға 20-тамызда келген. Сайлау алды дайындық жұмыстарын да бақылаған мамандар ешқандай заң бұзушылық байқамағанын айтты. Ұйымға мүше алты мемлекеттен 17 байқаушы аккредиттелген.
Тхажудин Риас Мидхун, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары:
Біз ешқандай заң бұзу дерегін байқаған жоқпыз және ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, процестің әлі де жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Біздің команда сайлау процесін байқауды жалғастырады, жұмысты ертең қорытындылаймыз.
Саяси науқанды 22 мемлекеттің Орталық сайлау органдарының өкілдері де бақылады. Олардың қатарында 11 сайлау комиссиясының төрағасы бар. Оған қоса сайлауға шетелдік журналистер назары да ерекше. 29 елден аккредиттелген 38 журналист ақпарат таратып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы