Президент Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді. Президент Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасады. Рәсімнен кейін брифинг өткізіп, тілшілердің сұрағына жауап берді. Вице-президент кім болады, үкімет отставкаға кете ме?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана.Президент тілшілердің сұрағына жауап берді
Президент журналистерден сұрақ бар ма деп сұрады. Бір топ тілші ел талқылап отырған ең өзекті тақырыптарды қамтуға тырысты.
Сіз конституциялық реформа тарихи өзгерістердің бастамасы екенін, ал түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасатынын айтқан едіңіз. Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі іске кірісіп, Вице-Президент лауазымы тағайындалғаннан кейін елде қандай өзгерістер болады?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін.
Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәйкес, Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына қайта сайлануға құқығы бар. Дегенмен, президент алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыны немесе қатыспайтыны туралы сөз қозғауға әлі ерте деді. Осы сайлаудан кейін, Үкімет жұмысын тоқтатуға тиіс. Заң солай. Дегенмен, мемлекет басшысының үкіметтің жұмысына көңілі толатын сияқты. Барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, қойған міндеттерді орындап жатыр деді. Алайда, бәрібір үкімет отставкаға кетеді. Құрамында бірқатар өзгеріс те болады. Өйткені, бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді, деді президент. Сондай-ақ, сайлау науқанындағы партиялар арасындағы саяси бәсекеге оң баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.
Президент жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, жастарға сенім артатытынын айтып, жасанды интеллекті бағатындағы жүйелі жұмыс одан әрі күшейе түсетінін жеткізді. Нөмірі 520-ыншы сайлау учаскесінде президентпен қатар астаналықтар да дауыс берген еді. Бұл күн тұтас ел үшін де, осы отбасылар үшін де тарихи оқиға болып тұр.
Нұржан Русланұлы, қала тұрғыны:
Ерекше сәт болып жатыр. Еліміз үшін ерекше сәт. Бүгін алғаш рет құрылтай сайлауына дауыс бердік. Өте қуаныштымыз, бүгінгі осындай елеулі сәтте президентімізбен бірге дауыс беру бұйырыпты. Өте қуаныштымыз, қазақ елін бүгінгі мерекемен құттықтаймыз.
Иә, бұл мерекемен пара-пар тарихи сәт. Қазақстанның жаңа дәуірі басталып жатыр. Аптап ыстықтан кейін шаң-тозаңды басатын, тынысың ашатын жаңбырдың өзі сайлауға сай төгіле кеткенін қараңызшы?! Жаңарудың нышанындай...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы