Құрылтай сайлауы - жаңа саяси дәуірдің бастауы
Маңызды саяси науқанға ел тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен билік өкілдері де солардың қатарында.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді. Үкімет басшысы ел азаматы ретінде өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, таңдауын жасады. Оның айтуынша, жаңа заң шығарушы орган елдегі саяси реформалардың сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстанның әрбір азаматы елдің даму бағытын айқындауға өз үлесін қоса алады. Құрылтай сайлауында дауыс берген Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Сайлау нәтижесінде жасақталатын Құрылтай халықтық Конституцияда белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:
Біз бақытты халықпыз. Өйткені өз болашағымызды айқындауға үлес қосуға мүмкіндігіміз бар бірден бір халықпыз. Сондықтан менің ойымша ертең қалыптасатын құрылтай біздің халықтық конституцияда белгіленген барлық басымдықтардың жүзеге асуына ат салысады деген сенімдемін.
Құрылтай сайлауы – жаңа саяси дәуірдің бастауы. №129 сайлау учаскесінде дауыс берген Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, бір палаталы Парламент елдің заң шығару жүйесін жаңа талаптарға бейімдеп, шешім қабылдау үдерісін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ерлан Қарин, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:
Бүгінгі сайлау шын мәнінде қатардағы сайлау емес. Кез келген науқан әрине өте маңызды. Бірақ бұл жолғы сайлауды шын мәнісінде тарихи оқиға деп айтуға болады. Бүгін осы сайлаудың нәтижесінде жаңа бір палаталы парламент құрылтайдың құрамы анықталмақ. Сондықтан бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Жаңа дәуірдің басы.
Құрылтай сайлауы – Президент реформаларының кешенді жалғасы. Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев дауыс бергеннен кейін журналистерге осылай деді. Оның айтуынша, жаңа жүйе «мықты Президент – пәрменді Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толық сәйкес келеді.
Мәулен Әшімбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Құрылтай сайлауы Президент реформаларының дәйекті жалғасы деп қабылдаймыз. Елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Бәріміз бірге әдәлетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда барлық қазақстандықтардың белсенбі болғаны өте маңызды.
Қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Ерлан Қошанов та отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Оның айтуынша, бүгіннен бастап жуырда қабылданған жаңа Конституцияның негізгі басымдықтарын жүзеге асырудың алғашқы қадамы жасалып жатыр.
Ерлан Қошанов, Мемлекет және қоғам қайраткері
Өзіміздің азаматтық борышымызды орындадық. Отбасымның да өзімнің де көңіл күйім өте жақсы. Себебі енді, бүгін енді тарихи күн ғой тарихи сәт. Таяуда ғана конститутциямызды қабылдадық. Мемлекет басшысы өзі бастамашы болды. Халық бір ауыздан қолдаған конституция қабылданды. Сол конституцияны іске асырудың бүгін алғашқы қадамы.
Бүгінгі сайлау қорытындысы нәтижесінде бір палаталы Парламент құрамы жасақталады. Жаңа заң шығарушы орган еліміздегі саяси реформалардың келесі кезеңіне жол ашады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы