Басты Жаңалықтар Президент тілшілердің сұрағына жауап берді

Президент тілшілердің сұрағына жауап берді

Келесі аптада немесе он күн ішінде елімізде Вице-Президент кім екені анықталады. Бұл туралы бүгін мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет деп атап өтті. Сондай-ақ, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор екеніне екпін түсіріп, Құрылтай сайлауына үлкен үміт артатынын жеткізді. Мемлекет басшысы тілшілердің 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе деген сұрағына да жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз, бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін.


Бөлісу