Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының негізгі кезеңі аяқталды
Елімізде цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі - Каспий теңізінің түбі арқылы тартылып жатқан Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі. Бүгінде жобаның негізгі кезеңінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Екі бастама да елдің цифрлық әлеуетін арттырып, халықаралық деректер алмасуын жеделдетуге және заманауи дата-орталықтарды дамытуға мүмкіндік береді.
Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі - елімізде телекоммуникация саласындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Ақтау - Сумгайыт бағыты бойынша өтетін жаңа маршрут Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын біріктіріп, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жоғары жылдамдықпен тікелей жеткізетін дәлізге айналады. Қазақстан тарапы жобаны жүзеге асыру үшін қажетті нормативтік, ұйымдастырушылық және кедендік рәсімдердің орындалуын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде құрылыс жұмыстары әкімшілік кідіріссіз жедел басталған. Ал, суасты кабелін төсеу жұмыстары биыл шілде айында жүзеге асты. Құрылыс тәулік бойы су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын мамандандырылған кеменің көмегімен жүргізілген.
Қазақстанда ауқымды деректер орталықтары алқабы құрылуда
Ал Павлодар облысында қуаты 50 МВт болатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының құрылысы қарқынды жүруде. Энергия орталықтары мен AI-фабрикалардың ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу жұмыстары 90%-ға аяқталған. Биыл жыл соңына дейін дата-орталық пен энергоблоктар, басқа да негізгі ғимараттар тұрғызылмақ. Бірінші нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы маусымға жоспарланған.
Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасының аясында «Қазақстанда ауқымды дата центрлер алқабы» деген жоба іске асырылып жатыр. Оның аясында Екібастұз қаласында Қазақтелеком болып 50 МГБ-тық цотты құрастыруды бастадық, және паралельді түрде 136МГБ цотты құрастыруды бастаудамыз. Басты мақсатымыз келесі жылдың тамыз айына дейін барлық жұмыстарда бітіріп, осы дата центрлер алқабының бірінші кезеңін елімізге, дүниежүзіне танытып, оны тиісті деңгейде жұмысын атқаруды бастау.
«Деректерді өңдеу орталықтары» алқабында жасанды интеллектіні дамытуға арналған жоғары қуатты есептеу жүйелері және бұлтты сервистер орналасады. Бұл Қазақстанда заманауи IT-инфрақұрылым қалыптастырып, отандық цифрлық өнімдерді дамытуға және болашақта цифрлық қызметтерді шетелге экспорттауға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы