Дауыс беруге ерекшеленіп келіп жатқандар көп
Бүгін кейбір сайлау учаскелері түсірілім алаңын еске салды. Ежелгі Грекия, Голливуд пен Marvel кейіпкерлері бүгін сайлау учаскелерінде көрініс тапты. Құрылтай сайлауына ерекшеленіп келіп жатқандар көп.
Азаматтар саяси науқанда барынша креативті образдарды таңдаған. Астанада дауыс беруге сауыт-сайманы мен қылышын арқалап Гомердің әйгілі «Одиссеясының» кейіпері Агамемнон келді. Оның үстіне, ол роликпен жеткен. Ақсу қаласындағы №511 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген азамат Чарли Чаплин кейпін таңдаған. Ол да роликпен жеткенімен, кіреберісте классикалық аяқ киімін киіп, қолына таяғын алып, бюллетень алуға кірді. Ал Ақтауда Өрмекші адам кейпіндегі адам дауыс берді. Ол алдымен сайлау учаскесінің алдында бірнеше өрмекшінің қимылын көрсетіп, кейін бюллетень алып, кабинаға кіріп, таңдау жасады. Балқашта “Тұран жолбарысының” образымен келгендер де бар. Бір қызығы бұл азамат тек жолбарыстың киімін ғана киіп қоймай, ел назарын аудару үшін арнайы көліктен секіріп түсті. Дауыс беру кезінде киімін шешіп, көпшілікке өзінің бет-бейнесін көрсетті. Көк жалаушаларды желбіретіп, халыққа қызық сыйлады. Ал, алматылық тұрғындар Бостандық ауданындағы сайлау учаскесіне әлемге әйгілі екі футбол жұлдызы Месси мен Роналду кейпінде келді. Белгілі футболшылардың образын таңдаған екі дос жұртшылықтың назарын футболға аударғысы келген. Қызылорда қаласындағы №200 сайлау учаскесінде сайлаушыларды арнайы робот қарсы алды. Заманауи технология жетістігі - робот келушілерге Құрылтай сайлауы туралы қысқаша ақпарат беріп, дауыс беру тәртібі жөнінде мәлімет ұсынды. Робот көмекші балаларымен бірге дауыс беруге келген сайлаушыларға ерекше көңіл-күй бөледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы