Басты Жаңалықтар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қызылордада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Биыл ауыл-аймақтан өсіп-өнген 220 әулет қатысып, үздіктер марапат төрінен көрінді. Түрлі номинация иеленген отбасыларды облыс әкімі құттықтап, сый-құрмет көрсетті.  

Облыс орталығындағы тағылымды шараға әр ауданнан үлгі-өнегесімен көпке сыйлы отбасылар жиылды. Бірі әулетімен теміржолшылар, енді бірі дәрігерлер. Бір шаңырақтың ғана емес түрлі саланың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар. Жалпы отбасы құндылығын дәріптеуді көздейтін бұл байқаудың қазіргі қоғамда тәрбиелік маңызы зор.

Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:

Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы отбасы институтын еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды адал азаматқа тән қасиеттерді қоғамға жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады деп атап өтті.

Ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде 16 отбасы түрлі номинациямен марапатталды. Соның ішінде, Қызылорда қаласынан Бимұратовтар әулеті, Қазалы ауданынан Досхожаевтар мен Шиеліден Бәкіровтер отбасы жүлделі орындардан көрінді. Ал аралдық Құтмамбетовтер «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанып, Елорда төрінде өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды.

Ханкене Құтмамбетов, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы:

Жасынан бастап балаларды тәрбиелеуіміз керек. Оқуға баулуымыз керек. Оқыту керек. 35 немереміз бар қазір. 47 шөбереміз бар. Солардың бәрінің қызығын көріп отырмыз.

Салтанатты шарада әулетінің мәуелі бәйтерегіне айналып, отбасының алтын діңгегі қазыналы қарттар, ақ жаулықты аналарға айрықша құрмет көрсетілді.

Бөлісу