Басты Жаңалықтар Әуежайдың ұшып-қону жолағы күрделі жөндеуден өтті

Әуежайдың ұшып-қону жолағы күрделі жөндеуден өтті

Бір жарым жылдан соң Павлодардың әуежайына ұшақ қатынай бастады. Бүгін жолаушылар Астанадан Павлодарға әуе лайнері арқылы барды. Оларды қарсы алушылар қатарында меншікті тілшіміз Болат Аманбаев та болды.

Авиацияда «су күмбезі» деп аталатын ең салтанатты рәсім осы. Бұл ұшақты жуу үшін емес, ерекше атаулы оқиғаға құрмет ретінде жасалады. Бүгін Павлодар әуежайының күрделі жөнделген ұшып-қону жолағына алғашқы ұшақ қонды. Астана-Павлодар бағыты бойынша ұшып келген жолаушыларға ерекше әсер қалдыратындай құрмет көрсетілді.

Әлия Айзахметова, жолаушы:

Көптен күткен күн. Мен Павлодар тумасымын. Астанада тұрамын. Павлодарға жиі барып тұрамын. Баламен өте қолайлы. Өте қуаныштымыз!

Әйгерім Боранбаева, жолаушы:

Бұрын Павлодарға келу қолайсыз болды. Әуежай жабық болды. Біз таксимен немесе пойызбен келетін едік. Қазір рахат, бір сағаттың ішінде біз қаладамыз.

Таспадайын тілінген ұшып-қону алаңын жөндеуге жұмсалған қаржының 60%-дан астамы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінді.

Ербол Құлбаев, Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 16 млрд теңге жұмсалған қаржының 9,3 млрд теңгесі осы арнайы есеп-шотынан алынды.

Павлодар өндірісі өркен жайып, инвесторлар ағылып жатқан өңір. Сондықтан Президент Екібастұзда әуежай салуға тапсырма берді. Ал жақында Павлодардың аэровокзалында күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Біз әуежайдың өзінің аэровокзалын жаңартуға кірісеміз. Бірақ бірден айтып кетемін, бұл әуежайдың жұмысына кедергі болмайды. Рейстер бағыттарда толығымен атқарылатын болады. Одан басқа Шымкент, Ақтөбе, Маңғыстау бағыттарында рейс ашу көзделген.

Бір бөле айтары, еліміздегі қалааралық ұшақ қатынасында ең арзан баға ұстап тұрған Ертіс-Баян өңірі. Астанадан Павлодарға ұшып келу құны 15 мың теңге. Билет бағасы жергілікті бюджеттен субсидияландырылады.

Бөлісу