Басты Жаңалықтар Колледждерде ЖИ-ге басымдық беріледі

Колледждерде ЖИ-ге басымдық беріледі

Бүгін Алматыда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары жаңа оқу жылына арналған басым бағыттарды айқындады. Жиында білім сапасын арттырумен қатар, студенттерді заманауи еңбек нарығына бейімдеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды.

Қатысушылар төрт секцияда жұмыс істеді. Онда инклюзивті білім беру, жасанды интеллектті енгізу, құндылықтарға негізделген тәрбие, әдістемелік жұмыстың жаңа моделі сияқты мәселелер қаралды. Жиын барысында колледж студенттерін тек диплом алуға емес, заманауи талаптарға сай білікті маман болып қалыптасуға даярлау мәселесіне басымдық берілді. Айта кетейік, Алматыдағы 87 колледжде 87 мыңға жуық  студент оқиды. Оның 17 мыңнан астамы биыл грантқа түскен.

Ерұлан Қарағұлов, қалалық Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшылары кеңесінің төрағасы:

Біздің студенттеріміз бен түлектеріміз цифрлық технологияларды тиімді қолдана білуі, өз біліктілігін үнемі арттырып, еңбек нарығында өзіне лайықты жұмыс таба алуы керек. Сонымен қатар бір орында тоқтап қалмай, кәсіби деңгейін үнемі көтеріп, сол бағытта дамып отырады деп ойлаймыз.


Бөлісу