Президент тапсырмалары жүйелі іске асып жатыр
Жол, мектеп, медициналық көмек және интернет. Шалғайдағы ауылдар үшін ең маңызды қажеттіліктің бірқатары осы. Президент тапсырып, Үкімет іске асырып, сол әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым елді мекендерге беріліп жатыр. Ұлттық жобалар аясында атқарылған жұмыстың ауқымын тілші шолып өтеді.
Ауыл үшін мектеп – тірек. Баласы көп ауылдың болашағы да баянды. Сондықтан білім ордасын сақтап қалу немесе жаңасын салу негізгі міндет. Үш жыл ішінде елді мекендерде жаңа форматтағы 84 мектеп бой көтерді. Тұтас ел бойынша 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды.
Айқожа Әбсадықов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры:
54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар демографиялық өсімі жоғары өңірлердегі мектептерде оқушыға орын тапшылығы жойылды.
Ауылдағы ағайын аздап сырқаттанып қалса, қалаға сабылмауы керек. Өз жерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары болғаны абзал. Сол мақсатта 655 нысанының құрылысы толық аяқталыпты. Бұл дегеніңіз - бір млн-нан аса адамның игілігіне жарайтын игі іс.
Тоқ – жоқ деген жағдай болмауы керек. Тұтас ел бойынша энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жұмысы күшейген. 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, 8 табиғи монополия субъектісін желілердің тозуы бойынша «қызыл аймақтан» шығаруға мүмкіндік берді.
Ержан Ертаев, ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:
Бүгінде Энергетика министрлігі жалпы құны 990 млрд теңге құрайтын электр және жылумен жабдықтау саласындағы 193 жобаны іске асыруды қолдады. Жаңғыртылатын жерлердің жалпы ұзындығы 12 мың шақырымды құрайды.
Энергетика дегенде көмір генерациясын дамыту да маңызды. Елімізде сегіз жаңа энергия көзін салу және қолданыстағы 11 энергия көзін жаңғырту қарастырылған. Тағы бір қажеттілдік – интернет. Былтыр спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді. Халық саны 250 адамнан асатын барлық ауыл, яғни 3 807 ауыл 4G стандартына кезең-кезеңімен ауыстырылмақ. Қазірдің өзінде 566 ауыл 4G-ге ауысып үлгерген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы