Қазақстан туристер үшін ең қауіпсіз елдер тізіміне енді
Қазақстан туристер үшін ең қауіпсіз әрі тартымды елдер тізіміне енді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің саяхат жөніндегі кеңесі елімізді аталған санатқа жатқызды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің саяхатқа қатысты төрт деңгейлі бағалау жүйесінде Қазақстанға 1-санат берілген. Бұл – жүйедегі ең төменгі деңгей. Бұл 1-санаттағы елдерге барған кезде америкалық азаматтарға күнделікті қауіпсіздік талаптарын сақтап, қалыпты сақтық шараларын ұстану ұсынылады. Қазақстанмен қатар бұл санатқа Канада, Жапония, Швейцария, Португалия, Польша, Румыния, Словакия және Словения сияқты мемлекеттер кіреді. Ал екінші санатта – сақтық шараларын күшейтуді, үшінші санатта – сапар қажеттілігін қайта қарауды, төртінші санатта – елге барудан бас тартуды ұсынады. Айта кетейік, АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұл жіктеуі әлем елдерінің жалпы қауіпсіздік рейтингі емес. Бұл – АҚШ азаматтарына шетелге сапар кезінде ықтимал қауіптер туралы ақпарат беретін кеңес беру жүйесі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы