Басты Жаңалықтар Сыр диқандары күзгі жиын-терімге дайын

Сыр диқандары күзгі жиын-терімге дайын

Сыр өңірінде енді бірер күнде күріштік алқаптарға орақ түседі. Бүгінде диқандар күзгі жиын-терім науқанына дайындалып жатыр. Маусымдық кезеңде аймақта егістікті суаруға 2,4 миллиард текше метр су беріліп, шаруалар судан тапшылық көрген жоқ.

Биыл облыста 70 мыңнан астам гектарға күріш дақылы егіліп, диқандар ала жаздай күтіп-баптады. Ең бастысы шаруалар жерді лазерлік тегістеудің арқасында суды үнемді пайдалануға дағдыланды. Және егін шаруашылығындағы жаңашылдықтар нәтижесін беріп отыр. Қазір алқаптар жайқалып, күріштің сабаны дәнге толып иіліп тұр.  

Жарқынбек Ермағанбетов, диқан:

Күріштің қазір тыңайтқышын бәрін беріп болдық. Енді уақытын күтіп отырмыз. Уақыты келсе суын жабамыз. Содан кейін суын ағызып, қайтадан оруға дайындаймыз. Шығымы жақсы.

Жалпы Сыр өңірінің егінжайына жыл басында 3,2 млрд текше метр су лимиті көзделсе, осы күні соның 2,4 млрд текше метрі алқаптарға жеткен. Көл-көсір су болмаса да егін бітік шығып отыр. Өйткені, егістікке құятын каналдар мен арық жүйелері тазартылып, гидртехникалық нысандар жаңғыртылды. Әсіресе суару жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес кезекпен беріліп отырды.

Асылжан Жарылқасынов, облыстық а/ш және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

Сырдария өзеніне 450 текше метрі төменге тасталып, бүгінгі күні облыс шекарасына 463 текше метр су кіруде. Вегетациялық кезең былтырғы жылмен салыстырғанда тұрақты жағдайда атқарылды. Жоспарға сәйкес. Су тапшылығы орын алған жоқ. Барлық алқапқа су жеткізілуде.

Күріш ұзақ күтімді қажет дақылдардың бірі. Сырдың ақмаржаны сортына қарай 90 мен 110 күн аралығында піседі. Алдағы күндері Сырдарияның егістікке құятын арнасы бөгеліп, суару процесі тоқтайды. Ал тамыздың соңына қарай алқаптарға алғашқы орақ түседі.


Бөлісу