Ақтөбеде мектеп автобустарының қауіпсіздігі тексерілді
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп автобустарының қауіпсіздігі тексеріліп жатыр. Ақтөбелік полицейлер кейбір жүргізушілер мен мектеп ұжымының тиісті талаптарды орындамағанын анықтады. Мәселен, күн сайын ондаған баланы тасымалдайтын көліктердің бірінің алдыңғы терезесі сынық. Екіншісінің айналадағыларға «тоқта» деген ескерту көрсетуі тиіс арнайы құрылғысы ашылмады. Рейд барысында жарықшамдар мен өзге де жол жүру белгілеріне қатысты ескертулер берілді. Бұл кемшіліктерді жүргізушілер мен мектеп басшылығы бір апта ішінде түзетуі тиіс.
Мақсат Хасенов, автобус жүргізушісі:
Қасымда сүйемелдеуші маман бар, мұғалім бірге жүреді. Екеуміз тексереміз. Жалпы, тәртіп жағынан біздің балалар жақсы. Ешқандай шағым жоқ.
Қазір облыстағы 400-ден астам мектептің 142-сінде автобус бар. Оның 52-сі ғана білім ордасының балансында. Ал қалған 86-сы жалдамалы. Сондықтан мұндай көліктерге талап жоғары. Ақтөбе қаласының аумағындағы саяжай аумақтарында тұратын балалар мектепке толықтай көлікпен тасымалданады.
Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД бастығының орынбасары:
Егде жастағы жүргізушілер бар, барлығына қандай талаптар болуы керек, яғни, күнделікті таңертең медициналық маманның тексерісінен өтуі керек, категориясы дұрыс болу керек – соның бәрі түсіндірілді. Полиция қызметкерлерімен тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша ұйғарым беріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы