Басты Жаңалықтар Алматы облысында авиациялық мереке өтті

Алматы облысында авиациялық мереке өтті

Алматы облысының Іле ауданында өткен «Байсерке аспаны» әуе шоуына 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Көкке көз тіккен көпшілік кәсіби ұшқыштар мен парашютшілердің өнерін тамашалап, әуе техникасын жақыннан көруге мүмкіндік алды. Ауқымды шара өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға да септік етті.

Байсеркедегі әуе шоуы биыл тек әсерлі қойылымдармен шектелмей, жастардың авиация саласына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Келушілер түрлі әуе кемесін жақыннан көріп, сала мамандарымен тілдесті. Олар ұшақтардың ерекшеліктері мен авиациялық мамандықтар туралы айтып, жас көрермендердің сұрақтарына жауап берді.

Айдын Айымбетов, ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық қаһарманы:

Бұл тек авиация саласына емес, ғарыш саласына да серпін береді. Осындай шаралар жастардың қызығушылығын арттырып, болашақта мықты инженерлер мен білікті мамандардың қалыптасуына жол ашады. Бүгін ұшаққа қызығып қарап тұрған бала ертең осы саланың маманы болуы мүмкін.

Әуеге көтерілген ұшақтар мен тікұшақтар көрермендер үшін түрлі трюк орындады. Кәсіби ұшқыштардың бірі сап түзеп ұшса, енді бірі көк жүзінде түтін ізін қалдырды. Әуе кемелері 100 метрден 1400 метрге дейінгі биіктікте өнер көрсетті. Көрермендер үшін бұл күн ерекше әсерге толы болды.

Әуе шоуына қатысқан тікұшақтардың бірі «Жаңаруға дауыс бер!» деген жазуы бар баннерді алып ұшты. Бұл әуе қойылымы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына арналды. Ұйымдастырушылар осылайша көрермендерді азаматтық белсенділік танытып, 23 тамызда өтетін дауыс беруге қатысуға шақырды.


Бөлісу