Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

17 тамыздан бастап алматылықтар ақылы тұрақтарға көлігін тегін қоя алады

Бүгіннен яғни 17 тамыздан бастап алматылықтар коммуналдық ақылы тұрақтарға көлігін тегін қоя алады. Алайда оның белгілі бір шарттары бар. Негізгі шарт – бір пәтерге бір көлік. Тұрғын үйден 500 метр маңда   орналасқан бір коммуналдық ақылы тұрақты таңдауға болады. Алматы  қалалық көлік басқармасының мәліметінше, «Нақты тұрақ орны бекітілмейді. Бірақ бос орын болған жағдайда көлік қою үшін ақы төлеудің қажеті жоқ». Өтінішті 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» сайты немесе eOtinish платформасы арқылы беруге болады.
Қазақстандықтарға IT саласын меңгеруге 500 мың теңгеге дейін ваучер беріледі
Қазақстандықтарға IT саласын меңгеруге 500 мың теңгеге дейін ваучер беріледі. Елімізде осы саланың мамандарын даярлауға арналған Tech Orda бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл жөнінде цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтары еліміздің барлық өңіріндегі аккредиттелген IT-мектептерде оқуға арналған ваучер алып, ең сұранысқа ие цифрлық мамандықтардың бірін меңгере алады. Бағдарлама аясында қатысушыларға офлайн форматтағы оқу үшін 500 000 теңгеге дейін, ал онлайн форматтағы оқу үшін 400 000 теңгеге дейін номиналды ваучер беріледі.
Қазақстаннан Түркияға ұшатын рейстер саны артады
Қазақстаннан Түркияға ұшатын рейстер саны артады. Екі елдің әуе компаниялары негізгі бағыттар бойынша аптасына 224 рейске дейін ұша алады. Мысалы бұған дейін аптасына  120  рейс болса, енді, ол 224 рейске дейін жетті. Оның ішінде Ыстанбұл, Анкара, Анталья және Бодрумнан Қазақстан қалаларына қатынайтын рейстер бар. Ыстанбұлда өткен келіссөздер нәтижесінде қос тарап азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы осындай жаңа меморандумға қол қойды.

«Қайрат» ФК жанкүйерлеріне үндеу жасады

«Қайрат» футбол командасы өз жанкүйерлеріне үндеу жасады. 20 тамызда Алматыда «Қайрат» бельгиялық «Андерлехт» командасын қабылдайды. Осыған байланысты жанкүйерлерден билеттерді алыпсатарлардан сатып алмауды ескертті. Мұндай билеттердің күші жойылуы мүмкін, сондықтан матчқа кіре алмай қалу қаупі бар. Ал футболға билеттерді тиісті мобильді қосымшалар арқылы сатып алуға болады. Сатып алу кезінде ЖСН көрсету қажет, сондай-ақ сатып алынған билеттер кері қайтарылмайды. 


Бөлісу