Басты Жаңалықтар БҚО – білім сапасы жоғары, үздік өңірлердің қатарында

БҚО – білім сапасы жоғары, үздік өңірлердің қатарында

«Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер». Оралда облыс педагогтарының тамыз конференциясы өтті. Білім саласының қызметкерлері басты міндеттерді айқындап, бағыт-бағдарды талқылайтын маңызды алаңда бас қосты.

Тамыз кеңесі IT компаниялардың көрмесінен басталды. Стартаперлер білім беру саласына арналған заманауи цифрлық шешімдер мен инновациялық жобаларды таныстырды. Солардың бірі –  мектепке дейінгі ұйымдарға арналған «Aibarys» платформасы.

Жандос Меңдешұлы, Сырым аудандық «Балдырған» балабақшасының робототехника педагогы:

Бізде жасанды интеллект визуалды түрде көрсете отырып, балаға тапсырма береді. ЖИ: Сәлем, достар! Бүгін біз Орал қаласына экологиялық саяхатқа шығамыз. Әр баланың саусақ ұзындығының өз ерекшелігі бар. Қарыс, елі деген сияқты. Сомен өлшеп алады да, мына жолақты картаға жапсырады. Робот осы сызық бойымен бір қаладан екінші қалаға жүреді. Екінші бала сол қаланың бөлек картасынан тапсырма орындап кетеді.

Өңірде кен игеруші компания қолдауымен 7 шағын жинақты мектеп және жергілікті бюджет есебінен тағы бір білім ошағы пайдалануға берілмек. Ал «Қазақстан халқына қорынан» бөлінген 2 млрд теңгеге 71 мектеп 151 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталған. Жиында жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар да баяндалды.

Ғалымжан Алматов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі,«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

5 пен 7-сыныптарға Конституция негізінде, 8 бен 11-сыныптарға «Заң мен тәртіп» міндетті курстары енгізіледі. Құқық негіздері пәндерінің мазмұны жаңа Конституция талаптарына сәйкес жаңартылады.

Пленарлық отырыстан кейін сала үздіктері түрлі марапатқа ие болды. «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері», Ыбырай Алтынсарин медальдары табыс етілді.

Бибігүл Ғабдрахманова, қалалық №41 мектеп-лицейінің орыс тілі пәні мұғалімі:

Биылғы оқу жылында 5-сынып оқушысы Файзуллин Ислам республикалық пәндік олимпиададан І орын алды. 50 баллдан 50 балл жинады. Ол менің үлкен жетістігім, қуанышым.

Облыстағы 382 мектепте 126 мыңнан астам оқушы білім алады. Мониторинг қорытындысы бойынша биыл аймақ республикадағы білім сапасы жоғары үздік өңірлердің қатарына енді.


Бөлісу