Қарт бағбан тақыр жерді алма баққа айналдырды
Бүгінде алмасымен аты шыққан Алматының өзінде апорт сиреп бара жатқанда жамбылдық қария ауылының айналасын алма баққа айналдырып отыр. Жасы 60-тан асқан Мойынқұм ауылының тұрғыны Мирислам Аллахмиранов алманың 37, ал жүзімнің 34 түрін өсіреді. 50 гектар аумақта ерінбей тер төккен еңбекқор қарттың бақшасында біздің тілшіміз де болып қайтты.
Бағбандыққа бала кезден бет бұрған Мирислам қария бау-бақ өсірудің әліппесін әкесінен үйренген. Бүгінде жерден жеміс жиып жүргеніне 20 жылдан асты. «Бірақ бағбандықпен байып кету үшін айналыспаймын, хобби ретінде қызыға қараймын» дейді. Демек әке жолын жан қалауымен жалғап, бақ өсіргеннен бақыт тапқан кісі. Тіпті ол алма ағаштарымен тірі жандай тілдеседі. Өйткені жылы сөйлесем ғана жапырағы жайқала өседі дейді.
Мирислам Аллахмиранов, Мойынқұм ауылының тұрғыны:
Жүрегі таза болуы керек. Мен келсем осы жерге «ассалаумағалейкум» деймін. Ол да тірі ғой! Егер жаңа сорт жылда алып келмесем, менде адреналин болмайды. Мен әрең жүрем. Маған бірдеңе жетпейді. Сол үшін жаңа сорттар әкелемін. Украина, Ресей, Өзбекстаннан алып келемін.
Ақсақал алманың 37, ал жүзімнің 34 түрін еккен. Алмамен ауыл тұрғындарын қамтиды. Алмасы көп алматылықтар да алып кетеді. Қария 50 гектар аумақтан жылына 300 тонна алма, 20 тонна жүзім жинайды. 15 ауыл азаматына жұмыс беріп, бағбан болғысы келетіндерге үш айлық тәжірибелік сабақ та өткізеді.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Аймағымыздың ауа райы алма өсіруге қолайлы. Табиғаты жағады, топырағы да құнарлы. Ал мынау - «Голден Делиш», сонау 150 жыл бұрын Америкада анықталған алма сорты. Мұхит асып келген тұқым бүгінде Жамбыл жеріне жерсініп, жайқалып тұр.
Жалпы өңірде бұған дейін алма өсіруші шаруашылық саны 77 болса, бүгінде 94-ке жетті. Олар жылына 21 мың тонна өнім алады. Ал алма алқабы 1400 га. Айта кетейік, аймақта биыл жеміс-жидек шаруашылығын дамыту үшін тыңайтқыш құнын субсидиялауға 2,5 млрд теңге бөлінді.
Болат Сағынбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Отандық тыңайтқыштарымыз бар, барлығына 60% төленеді. Ал егер де шаруашылықтар өздері сырт елдікін сатып алатын болса, олардың 50%-ын мемлекет төлеп береді. Алып келіп отырғызған көшеттерге де сол құнының 50% мемлекет тарапынан субсидиялап, төлеп береді.
Бүгінде аймақ алмасының 50 пайызы Алматы мен Астана қаласына тасымалданады. Демек мегаполис тұрғындары тұтынатын өнімдер Мирислам секілді еңбек адамдарының маңдай терімен суарылып, бейнетімен бапталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы