Басты Жаңалықтар Бейәдеп сөзге жол жоқ: Подкаст пен әндерге мониторинг жүргізіледі

Бейәдеп сөзге жол жоқ: Подкаст пен әндерге мониторинг жүргізіледі

Подкаст пен әндерге мониторинг жүргізіледі. Егер бейәдеп сөз айтылса, заңға сәйкес жауапқа тартылады. Мәдениет және ақпарат министрлігі музыкалық шығарма және өзге де ойын-сауық контентінде бейәдеп лексиканы қолдануға қатысты талаптарды түсіндірді. Балағат сөз үшін қай жағдайда жауапкершілік қарастырылған? Контент қашан өшіріледі және заң бұзылған жағдайда кімге хабарласу керек? Самал Қабышева айтып береді.

Самал Қабышева, тілші:

Подкастта, әнде немесе әлеуметтік желідегі видеода бейәдеп сөз қолдану енді назардан тыс қалмайды. Бақылау күшейді. Интернет пен онлайн-платформалардағы контентке мониторинг жүргізіледі. Заң барша қоғамға ортақ. Интернетте балағат сөз айтқандарға 86 мың теңге айыппұл салынады.  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда балағат сөз айту, жеке тұлғаларға тіл тигізу және айналасындағыларға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де осындай әрекеттер ұсақ бұзақылыққа жатады. Бұл үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынады. Немесе 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 10 тамызға дейін онлайн-платформаларда балағат сөздер бар 161 материал анықталған. Оның 66-сы былтыр тіркелсе, биыл 10 тамызға дейін 95 материал анықталды. Осы кезеңде анықталған материалдардың 62-сі өшірілген. Егер материал заң талаптарына қайшы деп танылса, оны өшіру немесе оған қолжетімділікті шектеу үшін онлайн-платформалардың белгіленген тетіктері арқылы тиісті хабарламалар мен талаптар жолданады. Ал материалда қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері болған жағдайда тиісті шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына хабарлама жіберіледі.


Бөлісу