Алматы мен облыстың бірқатар ауданында бірнеше сағатқа жарық өшті
Бүгін Алматы қаласының төрт ауданы мен Алматы облысының он ауданы бірнеше сағат бойы жарықсыз қалды. Сағат 14:38-де электр энергиясы өшіп, кешкі 17:30-дан бастап кезең-кезеңімен қосыла бастады. Апаттық жағдай «KEGOC» компаниясына тиесілі 500 киловольттық әуе электр желілерінде болған. Салдарынан қала мен облыстағы бірқатар әлеуметтік нысан генераторға қосылды. Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарының бір бөлігінде тоқ болмады. Алматы қаласында Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандары электр қуатынсыз қалды. Ауруханаларда генераторлар іске қосылып, науқастарға медициналық көмек көрсету тоқтаған жоқ. Дегенмен, жарықтың болмауы дәрігерлерді біраз әбігерге салған.
Перизат Жусанбайқызы, аурухана қызметкері:
Бүгін өте қиын болды.Операциядан кейінгі пациенттерді палатаға, басқа бір манипуляция жасалған пациенттер бар ғой, соларды жеткізе алмай қиналдық. Лифтер істемеді. Бергі жақтағы операция, реанимация деген бөлімдерде жарық болады ғой. Генераторлар қосылады.
Жарықтың өшуі қаладағы күнделікті тіршілікке де әсер етті. Бірқатар бағдаршам жұмыс істемей, жолдарда кептеліс пайда болды. Метро мен тролейбус қозғалысы да уақытша тоқтатылды. Қазір энергетикалық қызметтер электрмен жабдықтауды кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, жекелеген нысандардағы ақауларды реттеп жатыр.
Әлішер Бекен, қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары:
Қаладағы кейбір нысандардың жұмысында уақытша ақаулар болуы мүмкін. Қазіргі уақытта тұтынушыларды кезең-кезеңімен электр желісіне қосып, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындардан сабыр сақтап, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы