Басты Жаңалықтар Атырау облысында жаңа кәріз станциясының құрылысы басталды

Атырау облысында жаңа кәріз станциясының құрылысы басталды

Атырау облысы Жылыой ауданында кәріз мәселесі әлі де өзекті. Құлсары қаласының іргесіндегі Жаңа Қаратон кентінің сарқынды сулары тазартылмай, арнайы булану алаңдарына төгіліп келеді. Экологиялық талапқа сай келмейтін бұл нысандар бүгінде тіпті мал суатына айналып кеткен. Бұған дейін жауапты мекеме «Жылыойсуға» қомақты айыппұл да салынған. Алайда мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Ал бұған қатысты жауаптылар не дейді?

7 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңа Қаратон кентінің сарқынды сулары 25 жылдан бері осы жерге құйылып келеді. Айналасында жағымсыз иіс сезіледі. Ең сорақысы, бұл аумаққа төрт түлік те кіріп, су ішіп келген. Қазір жауаптылар амалдап айналасын қоршап қойған. Бірақ төрт-түлік бәрібір жолын тауып, аумаққа кіріп кететін көрінеді.

Сансызбай Баймұратов, Жаңа Қаратон кентінің әкімі:

Малының етінен, сүттен дәм шығады деген алыпқашпа әңгімелер болды. Бұл булану алаңы қазіргі таңда рекультивацияға жатады.

Сембай Шәриев, Жаңа Қаратон кентінің тұрғыны:

Басында нашар болды ғой, ашық-тесік жатты. Су тазарту станциясының құрылысы басталып кетті. Сол тезірек бітсе екен дейміз. Техникалық су өте қажет.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір ескі булану алаңының қасынан дәл осындай жаңа кәріз су тазарту станциясының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда бетондау жұмыстарына дайындық. Жоба мерзімі 1 жыл 6 ай. Егер сәтті аяқталса, күніне 500-700 кубқа дейін су тазартылып, ауылға техникалық су ретінде пайдалануға жіберіледі.

Эльдар Гулямов, мердігер мекеме өкілі:

Резервуардың ұзындығы 30 метр, ені 15 метр. Биіктігі 4 метр болады. Бетон жұмыстарын 4-5 айда бітіреміз.

Жаңа кәріз станциясының құрылысы біткен бойда аумағы 1,2 га болатын булану алаңы толық рекултивацияланады. Жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтіп тұр. Ал жаңақаратондықтар жаңа нысанның игілігін келер жылдың аяғында көрмекші.

Ерлан Нұрланов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

Жалпы жоба құны - 11 млрд 780 млн теңге. 2027 жылдың IV тоқсанына дейін аяқталады.

Бұдан бөлек, аудан орталығы Құлсары қаласында тәулігіне 10 мың текше метр кәріз суын тазартатын станцияның құрылысын бастау үшін мердігермен келісімшарт жасалған. Қазір жоба дайындалып жатыр. Оны қыркүйек айында аяқтап, мемлекеттік сараптамаға ұсынамыз,- дейді атқамінерлер.

Бөлісу