Қайтарылған активтер есебінен жаңа ғимараттар салынды
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Абай облысында 50 миллиард теңгеден асатын 26 жоба іске асырылып жатыр. Дені медицина, білім секілді әлеуметтік саланы қамтиды. Мысалы, Семейде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа корпусы қолданысқа берілген. Ғимарат құрылысына 2,6 миллиард теңге жұмсалыпты. Үш қабатты нысанда жатып емделетіндер үшін 100 орын қарастырылған. Бұған дейін мекеменің негізгі ғимараты тарлық етіп келген. Қазір мұнда медициналық, психологиялық және еңбекке бейімдеу қызметтерінің сапасы жақсарып келеді.
Ләззат Майшекина, Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:
Қосымша ғимарат 2026 жылы ақпан айында салынып бітті. Бүгін біз 100 қызмет алушыны осы жаңа ғимаратқа кезең-кезеңімен ауыстырып, орналастырып жатырмыз. Бізде мұнда қызмет алушылардың саны - 400 адам.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Семей мен Аягөз қаласында 150 орындық балаларға арналған 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынады. Әр жобаның құны шамамен 11 миллиард теңге. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, құрылысқа дайындық басталған. Мамандар өңірдегі қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бұдан ары қарай да қарқынды түрде жалғасады деп отыр.
Еркебұлан Қожанбаев, Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
Аягөз ауданында құны 250 миллион теңге болатын МРТ аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимарат салынды. Аталған аппарат облыстың бірнеше аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ облыс орталығында құны 7,6 млрд теңге болатын 1500 орынға арналған оқушылар сарайы бой көтерді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы