Басты Жаңалықтар Абай күні: Әр аймақта ұлы ақынды ұлықтады

Абай күні: Әр аймақта ұлы ақынды ұлықтады

Абай күнін аймақтардағы ағайын ерекше ықыласпен, үлкен құрметпен атап өтуде. Жер-жерде танымдық іс-шаралар мен көрмелер, әдеби кештер өтіп жатыр. Ал Ақтөбедегі Абай саябағында ақынмен аттас сәбилердің тұсауы кесілді. Қызылордада шығармашылық байқау ұйымдастырылды.

Бұл – көкшетаулық қариялар. «Белсенді ұзақ өмір» орталығында өткен шарада олар ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқады. Әсерлі кешті Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырды. Қарттармен кездесуге арнайы шақырылған әнші-сазгерлер де ақын шығармаларын орындап, тыңдаушылардың көңілін сергітті.
Айгүл Базарбаева, Көкшетау тұрғыны:
Жастарға Абай атамыздың қарасөздерінің, өлеңдерінің, әндерінің берері өте зор. Абай атамыздың жазып кеткен хаты мәңгілікке өлмейді, халықтың, жас ұрпақтың бойына дарып, өмір бақи сақталады деп ойлаймын.
Қызылордада Абай Құнанбаев атындағы дарынды балалар мектебінің оқушылары ұлы ақынның әндерін айтып, қазақ руханиятынының темірқазығына айналған тұлғаға құрмет көрсетті. Зиялы қауым өкілдері ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Атаулы күнде хәкімнің шығармалары мен өлеңдерін оқудан облыстық байқау да өтті.
Алтынбек Сүлейов, Қызылорда тұрғыны:
Абай Құнанбайұлының қара сөздері, өлеңдері, шығармалары көптеген қазақ балаларын, ұрпақтарын тәлім-тәрбиеге, асыл іске, еңбекке және ата-ананы сыйлауға, отанға деген махаббат сүйіспеншілікті арттыру мақсатында шығарылған.
Ақтөбеде өңір басшысы бастаған топ ескерткішке гүл  шоқтарын қойды. Орталық алаңда кітап көрмесі мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді насихаттап жүрген ақ кимешекті аналар да осында. Ал ақынмен аттас балалардың тұсауын белгілі абайтанушы ғалым мен ақын кесті.
Абат Пангереев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Абайдың өлеңдерін алып қарасаңыз да, қара сөздерін оқып қарасаңыз да, адамды қалыпқа салу, жаман әдеттен тыйылу, жақсылыққа бастау, өркениетке үндеу болып келеді. Абайдың сөзінің өлмейтіндігі де сол. Әр заман өткен сайын жаңғырып, алдымыздан шыға береді.
Әдеби алаңға жинғалғандар QR-код арқылы Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, деректі фильмдерді көруге мүмкіндік алды. Әр жастағы тұрғындар караокеде «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін нақышына келтіре шарқады. Жас суретшілер мен жыршы-термешілер де осында.


Бөлісу