Басты Жаңалықтар БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады: Оқушыларды бағалау жүйесі өзгере ме?

БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады: Оқушыларды бағалау жүйесі өзгере ме?

1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) мен ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) өткізілмейді. Бұл өзгеріс тек бастауыш буынға қатысты, ал орта және жоғары сыныптарда бұл жүйе әзірге сақталады.

Бастауыш сыныптарда неге алынып тасталатынын Оқу-ағарту министрі түсіндірді. Жұлдыз Сүлейменованың есебінше, бастауыш сыныптың ұстазы осы сынақтарды өткізу үшін 4 мыңға жуық ақ парақ жұмсайды екен. Ал тексеруге кететін уақыты шамамен 112 сағат. Ең басты қорытынды – бала білімінің деңгейін көрсете алмайды. Күнделікті жауабы жеткілікті емес бала сынақ кезінде жоғары балл алып кетеді немесе керісінше.

Жиынтық бағалаудың орнына оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық және шығармашылық жұмыстар енгізіледі, деді Ж. Сүлейменова. Ал жұмада Оқу-ағарту министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Онда 2–4-сынып оқушылары қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы бағаланады деген. Негізі, бұл әңгіменің тамыры терең. Бастауыш сыныптарда балалардың білімін радикалды түрде бағалаудың қажеті бар ма? Оларды ынталандырудың орнына тарс-тұрс жауап күтіп, оған баға қою қаншалықты мәні бар дүние? Басын ашып алатын дүние – жанып тұрған талантты басқалар ілескенше күткізуге болмайды. Дегенмен шабан игеретінді де итермей, бар мүмкіндікті алаламай беру керек.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бастауыштың ұстазы оқу жылы бойы БЖБ және ТЖБ-ны өткізу үшін 4 мыңға жуық кәдімгі ақ қағаздың парағын жұмсайды екен. Тексеруге кететін уақыты 112 сағат  шамамен осы уақытты құрайды екен. Ұстаздарымыздың арасында, ата-аналарымыздың арасында СОР және СОЧ деп аталып кеткен бөлім жөніндегі жиынтық бағалау, сонымен бірге тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау бойынша жұмысты бастадық.

Сүлейменованың осы сөзі мұғалімдерге майдай жаққан сияқты. Министрге мыңдаған маман алғысын айтып жатыр. Өйткені жыр болған №125 бұйрыққа өзгерістер енгізілмек. Әлқисасы, әрине, бастауыштан басталады.

Пернегүл Таубай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА Орта білім институты директорының орынбасары:

Бағалау жүйесін барлық білім саласынан алып тастамаймыз. Бірден айтайын мұғалім ретінде, өзінің класын бір балаға 3-2 беттен тұратын дайын ТЖБ-ны шығармайды. Ол бала жылдың басынан бастап жаңадан дәптерін бастайды. Бір дәптердің аясында жылдық жұмыс жасалады.

Енді өткенге шегініс жасасақ. 10 жыл бұрын білім саласы жаңартылған мазмұнға көшті. Сол кезде бағалау жүйесі де ауысқан.  Жаңа жүйе Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесіне сүйенді.

Білімгүл Баекешова, білім саласының сарапшысы:

Біз көп айттық. Бұл - әділ бағалау. Балалардың жоғары ойлау деңгейін дамытамыз, өз-өзіне жауап беруді  біраз деңгейге көтереміз деп. Сондай мақсатпен жүзеге асырылды.

Бірақ ұстаздарға жүктеме еселеп артты. Яғни, қағазбастылық шектен тыс көбейіп кетті.

Мейіржан Темірбек, мұғалім:

Біздің білім беруге, оқушыларға жаңашыл нәрселерді үйретуге уақытымыз болу керек қой. Біздің уақытымыз БЖБ-ны дайындауға, ТЖБ-ны дайындауға, оны тексеруге, оған сараптама жасаймыз, оған модерация жасаймыз. Бағаға сәйкес келе ме, келмей ме деп? Ата-анадан жалоб түсетін болса, қайта модерация жасатады.

Гүлбаршын Қаржаубайқызы, бастауыш сынып мұғалімі:

Оқушылардың ерекшелігін ескеретін болсақ, бөлім бойынша жиынтық бағалаулардың, тоқсан бойынша бағалаулардың олар үшін психологиялық стресс туғызып жатты. Және мұғалімдер үшін ұйымдастырушылық артық жүктеме болды.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Сонымен қазіргі бағалау жүйесі несімен жақпай қалды? Сүлейменованың сөзімен түсіндіріп көрсек. Қазіргі жүйеде тоқсандық бағаның 50 пайызы ТЖБ-ға, қалған 50 пайызы күнделікті бағалау мен бөлім бойынша жиынтық бағалау нәтижесіне байланысты. Егер оқушы озат болып, БЖБ-дан жақсы балл жинап, бірақ ТЖБ кезінде төмен нәтиже алса, сәйкесінше,тоқсандық бағасы төмендейді. Кейде керісінше. Яғни, үлгерімі нашар оқушылар ТЖБ-да тәуір баға алып,  тоқсандық нәтижесін жақсартып жатады.

Формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын педагогтер дайындайды. Министрлік бекіткен бұйрықта солай. Бірақ, академиялық адалдық принципі қаншалықты сақталып отыр?

Пернегүл Таубай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА Орта білім институты директорының орынбасары:

Зерделеу барысында анықтадық. Әлеуметтік желілердің телеграмм, инстаграмм каналдарында осы ТЖБ мен БЖБ жұмыстарының сатылатыны анықталды. Және оқушылардың да ата-аналардың да сатып алу фактілері айқындалып отыр.

Мейіржан Темірбек, мұғалім:

Білім саясатын жүзеге асырып отырған Оқу-ағарту министрлігі, Алтынсарин атындағы академия, «Өрлеу» бар, Назарбаев зияткерлік мектептері, былай қарасақ, онда қаншама сарапшылар отыр, соның барлығы жабылып осыны әлі күнге дейін бір ізге келтіре алмауы үлкен сын дер едім.

Мұғалім мен оқушыны былай қойғанда, ата-аналар да бүгінге дейін бағалау жүйесін түсінбей дал. Көпшілік бұрынғы әдісті аңсайтынын айтады.

Әзірге, бізге белгілісі мынау: жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі дәстүрлі бағалау түрлері арқылы анықталады. Яғни...

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Біз бүгінгі таңда балалар өзі қолымен жазатын, яғни олардың когнитивті дамуын күшейтетін, сонымен бірге диктант секілді немесе кәдімгідей математиканың бақылауын өзінің дәптеріне жазатын осындай бақылаудың түрлерін қарастырудамыз.

Негізі, бұлай бағалау бұрыннан бар. Бірақ бағалаудың негізгі құралы БЖБ мен ТЖБ болған соң, мұғалімдер сол жүйемен жұмыс істеуге мәжбүр.

Білімгүл Баекешова, білім саласының сарапшысы:

Диктант, мазмұндама баламасы келетін болса, ол бәрібір мұғалімнен қағазбастылықты талап етеді. Егер сіз ТЖБ, БЖБ-да дайын критерийге қарап баллын қойып шықсаңыз, диктантта да, мазмұндамада да нақты критерий болу керек. Ол үлкен сұрақ.

Жәмилә Бекбатырова, білім саласының ардагері:

Өзгерістерді енгізердің алдын апробациядан өткізіп, өмірге бейімдеп, білімнің сапасына әсер ете ме, мұғалімге жүктеме көбейіп кетпей ме, осының бәріне назар аударып, осыдан кейін ғана білім саласына енгізсе деп ойлаймыз.

Білімнің негізі – бастауыш сыныпта. Сондықтан Финляндия, Норвегия, Швецияда бастауыш сыныпта балаларға бірден сандық баға қойылмайды. Тек мұғалім оқушының жетістігін айтып, қай тұсын жақсарту керегін түсіндіреді. Ал бізде... 

Білімгүл Баекешова, білім саласының сарапшысы:

Дәстүрлі бағалау балалардан гөрі ата-аналардың өзіне жақын сияқты. Соңғы бес жыл тіпті әдетке айналып кетті. Баладан «неше алдың?» деп сұрай бергендіктен баға үшін оқитын болады. Ол балада түсінік қалыптастыру керек. Мен өзім үшін оқып жатырмын деген.  

БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты түпкілікті шешім алдағы тамыз конференциясында жарияланады. Бастауыш сынып баласының білімі нақты қалай бағаланатынын нақты түсіндірулері керек. Ал, 5 пен 11 сыныптарда ештеңе өзгермейді. Бұл білім саласындағы мәселенің бір қыры ғана. Сарапшылар оқулықтар, оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін әбден екшеу керегін айтып отыр. Мәселен...

Мейіржан Темірбек, мұғалім:

Бізде қалай? «Цифрлық сауаттылық» деген пән енгізіп қойды. «Цифрлық сауаттықты» ғалымдар жазбау керек. Оны мұғалімдер жазу керек. Біліп келген бала секілді да ана жазылған кітаптардың бәрі. Содан кейін бала ала алмайды.  

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Біз сөйлескен ұстаздардың барлығы білім саласында бірізділіктің болғанын қалайды. Ал саланы цифрландыру сияқты өзгерістер жүйелі жүрмесе, онда ол формализмді арттыра береді. Тағы бір сұрақ- Салада қазір қандай маман мықты? БЖБ мен ТЖБ-ны тастай еткен мұғалім бе, әлде... Әлде деп жалғастыра да алмаймыз. Өйткені, мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуға уақыты тапшы...


Бөлісу