Басты Жаңалықтар Су үнемдеу технологиясы мол өнім алуға сеп болады

Су үнемдеу технологиясы мол өнім алуға сеп болады

Батыс Қазақстан облысында суармалы алқап аумағы ұлғайып келеді. Соңғы жылдары шаруалар 160-тан астам жаңбырлатып суару машинасын сатып алған. Бұл тіршілік нәрін әдеттегіден 4 есе үнемдеуге әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тамшыны тиімді пайдаланған диқандармен тілдесіп қайтты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Аймақтың агро саласында су үнемдеу технологиясы кеңінен қолданыла бастады. Бұл алқап арықтан суарылса, 1 гектарға – 15 мың тонна, ал жаңбырлатып суару машинасымен 4 мың текше метр ғана су кетеді. Жаңа технология көмегімен шаруалар мол өнім алуға дайындалып жатыр.

Теректі ауданындағы шаруа қожалығы заманауи қондырғымен картоп, майбұршақ алқаптарын суарады. Техника 58 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмыс істейді. Бір өзі 70 гектар егіс аумағын қамтиды. Шаруашылықта осындай 8 машина бар.

Виктор Смолов, шаруа қожалығының механигі:

Бір фрегат сағатына 250 текше метр су алады. Сол суды бір орында тұрып та, жүріп те шаша алады. Машина автоматтандырылған. Оған қажет жылдамдықты, басқа да баптауларын енгізіп, алқапты суарамыз.

Аудандағы тағы бір шаруашылықта су үнемдеу тәсілімен жүгері алқабы суарылып жатыр. Кісі бойындай өсімдік әлі тағы бір метрдей өседі дейді шаруа. Сүт тауарлы ферма иесі 400 сауын сиырына мал азығын дайындауға кіріскен. Мемлекеттен қолдау алып, шаруасын шалқытып отыр.

Киікбай Айдараәлиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Бағдарлама бойынша осы суармалы алқаптарға жаңбырлатып суару құралын алуға, инфрақұрылым салуға 2,5 пайызбен ақша бөлінді үкімет тарапынан. 3 млрд-тың үстінде қаражат алдық 10 жылға. Бір машинаның көлемі 100 гектарға жетеді. Бізде бірнеше машина бар. Бір алқаптан екіншісіне ауыстырып тұрамыз.

Диқандар суды іргедегі Барбастау өзенінен алады. Ол үшін сорғы жүйесін іске қосып, 7 шақырым құбыр салған. Тіршілік нәрі 2 метр тереңдіктегі жер асты желісімен суару машиналарына жеткізіледі. Осылайша аймақта 13 мың гектар суармалы алқап игеріліп отыр.

Жасұлан Халиуллин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Мемлекет тарапынан 80%-ға дейін инвестициялық шығындарын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қаражат бөлініп, суармалы алқаптарды енгізу жобалары қаржыландырылды. 11 жоба мақұлданып, 2900 гектардан астам алқап жаңадан айналымға енгізілуде.

Өңірде суармалы алқап көлемі соңғы 5 жылда екі есеге артқан. Маңдайын күн сүйген диқандар адал еңбекпен мол өнім жинап, ел ырысын еселей түспек.


Бөлісу