Басты Жаңалықтар Алматы облысында 22 мыңнан аса тұрғын тазалық жұмысына атсалысты

Алматы облысында 22 мыңнан аса тұрғын тазалық жұмысына атсалысты

Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқын алды. Бүгін өңірде дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылып, оған 22 мыңнан астам тұрғын қатысты. Таңертеңнен басталған игі іске қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар, еріктілер мен жергілікті халық жұмылып, елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсартуға үлес қосты.

Акция барысында 282 гектар аумақ тазартылып, 510 тонна қоқыс шығарылды. Қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріліп, қайта өңдеуге жарамды қалдықтар бөлек жиналды. Қалған қоқыс арнайы полигондарға жөнелтілді. Сенбілікке қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қоршаған ортаның тазалығы баршаның ортақ құндылығы екенін атап өтті.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

Жақында ғана бізде заң күшіне енді. Әр үй шаруашылығы, басқа да нысандар төңірегінде радиусы 5 метрде тазалыққа жауап беретініне. Әр адам тазалыққа жауапты болып келеді. Алматы облысында да осы жұмыстар бұрында да белсенді басталған. Конституция күшіне енген соң жаңа қарқынмен жұмыс келе жатыр.

Тазалық жұмыстарына жастар да белсене атсалысты. Олардың бастамасымен өңірде «Қауіпсіз жағалау» және «Таза жағалау» сияқты экологиялық акциялар тұрақты өткізіліп келеді. Еріктілер мұндай бастамалар табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, қоғамның жауапкершілігін арттырады дейді.

Аяжан Боранбаева, облыстық жастар ресурстық орталығының маманы:

Бұл біздің міндетіміз ретінде қалыптасып кеткен. Бізде облыс бойынша әр ауданда өзіміздің белсенділеріміз, волонтерларымыз бар. Біз үшін Таза Қазақстан бұл бір ғана сенбілік емес, біз әр өзіміздің өткізген шарамызға «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын міндетті түрде қосамыз.

Жыл басынан бері Алматы облысында 25 облыстық сенбілік ұйымдастырылып, оған 570 мыңға жуық адам қатысқан. Осы уақыт ішінде 13 мың тонна қоқыс шығарылып, 7700 гектар аумақ тазартылды. Сонымен қатар өңірде 103 мыңнан аса көшет отырғызылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты жалғасады.


Бөлісу