Жасанды интеллект жеке пән ретінде оқытыла бастайды
Жаңа оқу жылында жасанды интеллект жеке пән ретінде оқытыла бастайды. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізіп, жаңа бөлімдер мен оқу мақсаттарын бекітті. Соған сәйкес білім беру мазмұны да жаңартылып жатыр.
Ернұр Медет, тілші:
Енді бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» сабағы «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. Пәннің атына сай заты да өзгереді. Жаңартылған оқу бағдарламасына жасанды интеллект бойынша 43 жаңа оқу мақсаты енгізілді.
Пернегүл Таубай, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА орта білім институты директорының орынбасары:
Білім беру мазмұнын жаңарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Аталған пәндердің жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазір олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында.
Ернұр Медет, тілші:
Жаңа пәндер балалардың жас ерекшелігіне қарай кезең-кезеңімен күрделене түседі. Бастауыш сынып оқушылары жиі айтылып жүрген Жи-мен қарапайым мысалдар арқылы танысады. Сонымен бірге цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және интернетте қауіпсіз әрекет ету ережелерін үйренеді. Бұл деңгейге 17 оқу мақсаты енгізілген. 5-9 сыныптағылар ЖИ игілігін оқу процесінде қолдануға дағдыланады. Дұрыс сұраныс, яғни prompt құрастыру, жауаптың дұрыстығын тексеру, ақпаратты сыни бағалау мен академиялық адалдық талаптарын сақтау оқытылады. Мұнда 14 оқу мақсаты қарастырылған. Ал 10-11 сыныптарда теория тәжірибемен ұштасады. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілді. Бұл бағыт 12 оқу мақсатын қамтиды. Осылайша мектептер цифрлық сауаты жоғары, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданатын буынды тәрбиелеуге бет бұрды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы