Ақмола облысында 157 науқас трансплантацияға мұқтаж
Ақмола облысы бойынша 157 науқас трансплантацияға мұқтаж. Оның басым бөлігі бүйрек алмастыруды қажет етеді. Бауыр мен бүйрекке мұқтаж жандардың арасында балалар да бар. Ал, мәйіттік донор болуға 553 азамат келісімін берген. Олар өзінің ерікті таңдауын электронды үкімет порталына тіркеп қойды. Бас тартқандар саны одан он есе көп. Десе де, биыл еліміз бойынша 8 мәйттік донор 20-дан астам адамның өмірін құтқарып қалды.
Қазір екі бүйрегі бірдей істемей қалып, диализге байланған жандар аз емес. Көкшетаудағы жеке меншік гемодиализ орталығында бүгінде ондай 39 науқас ем қабылдайды. Көбі дерттің 5-ші сатысына өткендіктен, бар үміті трансплантацияда. Бірақ сау бүйрекке ілуде біреу ғана қол жеткізетінін де түсінеді.
Күлімжан Құрманғалиева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
9 жыл алып жүрмін. Ол почкаға кезекте тұрмыз. Ол жоқ қой бізге, мен катетормен жүрмін. Қолдарым бәрі бітті. Аптасына 3 рет 4 сағаттан.
Александра Шестакова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Мен гемодиализде 16 жыл тұрмын. Қазір 34 жастамын. Өмірімнің ең қызықты жастық шағым осы гемодиализбен өтті. Күнара келіп қанды тазартып отыруға мәжбүрмін. Бүйректі ауыстыру кезегіне тұрғаныма да 16 жыл болды. Туысқандарым өз бүйрегін бергісі келді. Бірақ жарамады. Қан тамырларым көпке шыдамайын деп тұр. Сондықтан дәрігерлер катеторға ауыстырамыз дейді.
Елімізде туыстық донорлық жиі кездеседі. Көкшетаулық Майрагүл Сүлеймен осыдан 30 жыл бұрын шприц арқылы сары ауруын жұқтырғанын айтады. Сөйтіп, 2016 жылы оған бауыр циррозы диагнозы қойылады. Осыдан үш жыл бұрын ауруы асқынып, соңғы терминалды кезеңге жеткенде, үлкен ұлы өз бауырын беру туралы шешімге келген. Ота сәтті өтті. Бүгінде өзі де ағза доноры болуға қарсы емес.
Майрагүл Сүлеймен, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Анамын ғой. Сондықтан біраз қарсы болып едім. Балаларым айтты, жоқ мама, сіз бізді асырадыңыз, өсірдіңіз, жеткіздіңіз, ендігі кезек бізде деп. Сол балам өмірімді құтқарып қалды. Бір адамды құтқарсам, менен артық бақытты адам жоқ шығар деп ойлаймын. Оған тұруға қарсы емеспін.
Дәрігерлер ағза донорлығы мәдениетін әлі де қалыптастыруымыз керек деп санайды. Көбі көзі тірісінде мәйіттік донор болуға келісімін берсе, ауырып ауруханаға түскенде оны емдемейді деп ойлайды. Сондықтан халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын көбейту керек,- дейді ақ халаттылар.
Ләззат Әшімова, аймақтық транспланттау үйлестірушісі:
Көзі тірісінде мәйіттік донор болуға келісімін берген азаматтар туралы ақпарат үлкен құпияда сақталады. Оны еліміз бойынша тек 3 адам ғана біледі. Сондықтан, ауруханаға түскенде, оларды емдемейді деп ойлау – үлкен қателік. Біз ағза донорлығын тек ми өлімі тіркелген жағдайда ғана қарастырамыз. Дәрігерлер консилиумы болады. Арнайы аппараттармен бірнеше мәрте тексеріледі. Содан кейін ғана мәйіттік донор болуға келісімі бар-жоқтығы туралы ақпаратты сұратамыз.
Еліміз бойынша бүгінде 4800 адам трансплантацияға мұқтаж. Олардың әр күні – күрес. Сондықтан бар үміті – ағза донорлығында.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы