Басты Жаңалықтар Көлік жуу орындарының 73%-ы суды қайта пайдаланады

Көлік жуу орындарының 73%-ы суды қайта пайдаланады

Алматыда көлік жуу орындары суды үнемдеудің жаңа тәсіліне біртіндеп ауысып жатыр. Қазірдің өзінде қаладағы мұндай орталықтардың 73 пайызы суды қайта пайдалану жүйесіне біржолата көшкен. Шаһар әкімдігінің мәліметінше, 400-ден аса нысанның 258-і пайдаланылған суды тазартып, қайта қолданады. Ал жаңа талапқа сай келмейтін нысандарды не күтп тұр? Тақырыпты алматылық әріптесім Айдана Қуантхан жалғастырады.

Айдана Қуантхан, тілші:

Алты деңгейлі суды тазарту технологиясы бұл орталыққа толық енгізілген. Яғни, көлік жуғаннан кейін су бірден кәрізге кетпей, тұндыру тоғанына жиналады. Сосын ірі қалдықтардан арнайы қоспалар арқылы осы жерде өңделіп, бірнеше сүзгіден өтеді. Нәтижесінде су 85 пайызға дейін тазарады.

Арнайы бөшкелерге  500 литр су жиналған соң, орталықтан келетін ауыз су автоматты түрде тоқтатылады. Кәсіпкердің айтуынша,  бір көлікке орта есеппен 20 литр су жұмсалады. Демек, 500 литр су шамамен 25 көлікті жууға жетеді. Ал айналым жүйесі арқылы сол суды шамамен он рет қайта пайдалануға болады.

Дмитрий Кориченков, кәсіпкер:

Судың сапасын арнайы датчиктердің көмегімен тұрақты бақылаймыз. Қайта пайдалануға жарамдылығын анықтап отырамыз. Егер су талапқа сай келмесе оны көліктерді жууға қайта жіберілмейді. Жүйе біз үшін тиімді. Себебі, технологияның арқасында шығын 30 пайызға азайды.

Мамандардың есебінше, бір көлік жуу орталығы айына шамамен 300 мың литрге дейін ауыз суды пайдаланады. Сондықтан айналымдағы су жүйесін енгізу су ресурстарын үнемдеудің тиімді жолы деп отыр. 

Алмат Исатаев, «Алматы су» МКК инженері:

Айына жоқ дегенде бір рет автокөлік жуу орталығына келіп, суды қайта өңдеу технологиясын тексеруге міндеттіміз. Үлкен су тұтынатын нысандардың барлығына қатысты болады келешекте. Қазіргі таңда автокөлік жуу орталықтарынан бастадық. Өйткені, қалада суды ең көп қолданатын автокөлік жуу орталықтары болып саналады. Бүкіл қаланы алатын болсақ, 1-2 пайыз үнемдеп отырмыз ай сайынғы.

Шаһар әкімдігі жаңа жүйе ауыз суды тұтынуды азайтып, су жүйесіне түсетін жүктемені төмендетеді, дейді. Ал Су кодексіне сәйкес жыл соңына дейін қаладағы қалған автожуу орындары да жаңа технологияны іске қоспақ. Талапты орындамаған нысандарға ауыз су беру тоқтатылады.


Бөлісу