Басты Жаңалықтар Мектептерде ЖИ жеке пән ретінде оқытыла бастайды

Мектептерде ЖИ жеке пән ретінде оқытыла бастайды

Елдегі мектептерде жасанды интеллект жеке пән ретінде оқытыла бастайды, енді бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқу бағдарламасына 43 жаңа оқу мақсаты енгізілді. 1-4 сынып оқушылары цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және интернеттегі жауапты мінез-құлық дағдыларын меңгереді. 5-9 сыныптарда оқушылар жасанды интеллект құралдарын қолдануды, алынған ақпаратты сыни бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын үйренеді. Ал 10-11 сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттары оқытылады. Министрліктің хабарлауынша, жаңартылған оқу бағдарламалары сынақтан өтіп, қазір белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында. Сонымен қатар мұғалімдерге жасанды интеллектіні білім беру процесінде қауіпсіз әрі тиімді қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.


Бөлісу