Басты Жаңалықтар Президент үш ірі автожол құрылысын бастап берді

Президент үш ірі автожол құрылысын бастап берді

Бүгін «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы басталды. Бір ғана «Бейнеу – Сексеуіл» бағытының өзі Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалдау ұзақтығын 1000 шақырымға дейін қысқартады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтетінін ескерсек, озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Осылай деген Мемлекет басшысы телекөпір арқылы сөз сөйлеп, автожол құрылысын бастап берді. Әрі құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы аяқтауды тапсырды.

Күрежолдың ең ұзағы – «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты. 800 шақырым. Бұл Транскаспий дәлізінің негізгі буынына айналады. Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге тоғысып, Ақтау порты арқылы Бакуге, Ақтөбе арқылы Ресей шекарасына дейін жалғасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. 10:53 «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал – Каспий магистралі» деп атаған дұрыс.

Екінші жоба – 462 шақырымдық «Қызылорда – Сексеуіл» бағыты. Мұнда заманауи 4 жолақты автомагистраль салынады. 9 жол айрығы, 14 көпірмен қатар жол бойында заманауи сервистік аймақ бой көтереді.

Серік Дүйсенбаев, азаматы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ұлы Жібек жолының ізімен қайта түлеген бұл жолды тек Сыр халқы ғана емес, оңтүстік пен батыстағы халықтың жылдар бойы күткен арманы еді. Халықтың тілегін орындап, тарихи бастама жасағаныңыз үшін сізге шынайы алғысымызды білдіреміз.

Келесісі – «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыты. Орталық пен Оңтүстікті жалғайтын күрежол 312 шақырымнан асады. Ал Қызылорда бағытымен қоса есептегенде 774 шақырым жол салынады.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

Бұл жобалар 4 ауданның 117 мыңнан астам тұрғынын қауіпсіз әрі сапалы көлік қатынасымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 40-тан астам сервистік нысан ашылып, 600 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жол құрылысын толықтай отандық кәсіпорындар жүзеге асырады. 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар. Осылайша жалпы алғанда 1574 шақырым жаңа мүмкіндіктер жолына айналады. Өткен жылдың өзінде елдегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тоннаға жетті. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Соңғы жылдары тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Президент жол құрылысын 2029 жылдан кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Ол үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалады. Тек білек сыбана кірісу керек.


Бөлісу