Басты Жаңалықтар Түркістан облысының Шардара ауданына таза су берілді

Түркістан облысының Шардара ауданына таза су берілді

Түркістан облысының Шардара қаласында жылдар бойы өзекті болған ауызсу мәселесі шешімін тапты. Осыған дейін тіршілік нәрін Шардара су қоймасынан тұтынып келген тұрғындар бүгін таза суға қол жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Шардара» топтық су құбыры салынып, ел игілігіне берілді. Маңызды нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысып, құбырды іске қосты. «Тама-Тастанбек» су қорынан Шардара қаласына 40 шақырым құбыр тартылып, 5 мыңдай тұтынушыға таза су жетті. Жоба аясында екі резервуар салынып, 14 ұңғыма бұрғыланды. Екі қосалқы станция мен суды тазарту қондырғылары орнатылып, барлық инженерлік жүйе толық іске қосылды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Жоба Үкіметтің қолдауымен 2 жыл ішінде іске асырылды. Бюджеттен барлығы 21 млрд теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде 31 мыңнан астам халық сапалы ауызсуға қол жеткізген болатын. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз.

Шағын шаһардың тұрғындары жылдар бойы ауызсудың азабын тартып келген. Шардара су қоймасына қараған халық шіліңгір шілдеде де сусыз қалып, сатып алып ішкен кездері болды. Ескірген құбырлардан сапасыз су ағып, оны тек тұрмыста қолдануға тура келген еді. Енді бұл қиындықтардың барлығы артта қалды.

Ұлдықыз Жәлелқызы, Шардара қаласының тұрғыны:

Осы Тама-Тастанбектің суы елге тартылса, сол суды пайдалансақ деп отыз жыл аңсадық. Міне, бүгін сол арманымызға жетіп отырмыз. Біздің балаларымыздың қуанып жатқанын көрсеңіздер. Балалар беймарал өздері пайдаланып, іше береді.


Бөлісу