Алты ел – бір мақсат: Өңірлік ынтымақтың жаңа дәуірі
Орталық Азия жаңа тарихындағы ең табысты кезеңді бастан өткеруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми консультативтік кездесуінде осылай деді. Бүгін алты ел басшысы Қырғызстандағы Шолпан-Ата қаласында бас қосып, өңірдің даму перспективаларын талқылады.
Шолпан-Ата – Ыстықкөлдің жағасында орналасқан Қырғызстанның басты курорттық қаласы. Мемлекет басшыларын бар сән-салтанатымен қарсы алды. Мұны өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек етіп, бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтергені үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық. Қазіргі таңда біз Қырғызстанның қарқынды дамуына куә болып отырмыз. Сіздер қол жеткізіп жатқан әр жетістікке шын жүректен қуанамыз. Қырғыз елінің өсіп-өркендеуі – Орталық Азияның тұрақтылығы мен баянды дамуының маңызды кепілі.
Иә, қазақ-қырғыз – бір туған. Қос елдің саяси сахнадағы серті бір. Бүгінде Қазақстан – Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің бірі. Былтыр арадағы тауар айналымы 2,2 млрд долларға жеткен.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ыстықкөл жағасында өтіп жатқан жиынның форматы бейресми болғанымен, саяси салмағы жоғары. Өйткені күн тәртібіне аумақтық қауіпсіздік, экономикалық байланыстарды нығайту мен алыс-берісті бекемдеу сынды өңірге ортақ маңызды мәселелер шығарылды. Айта кету керек, Әзербайжан биыл кездесуге алғаш рет форматтың толыққанды мүшесі ретінде қатысып отыр.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
Бүгін мен осы консультативтік кездесуге алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысып отырмын. Осы орайда былтыр Өзбекстанда қабылданған тарихи шешім үшін Орталық Азия мемлекеттерінің барлық басшыларына алғысымды білдіремін.
Мемлекет басшысы Әзербайжанның консультативтік кездесулердің толық мүшесі болуы бұл форматты нығайтудағы оң эволюцияның жаңа деңгейін көрсететінін айтты. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл Орталық Азияның Каспий аймағымен және Оңтүстік Кавказбен байланысын күшейтіп, ынтымақтастықтың геоэкономикалық ауқымын кеңейтеді.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге деген ортақ мүддеміз – бүгінгі кездесуіміздің басты негізі. Бүгінгі басқосу мемлекеттеріміз арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен күш-жігердің арқасында саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға, бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуын жетістікке балады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келесі кезең аталған құжат ережелерін нақты іске асыру болуға тиіс деп санаймын. Осыған байланысты достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты бекемдеуге бағытталған ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын. Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады.
Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Шолпан-Ата декларациясы қабылданды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері өңірлік ынтымақтастықтың басты алаңына айналды. Жалпы, 2018 жылдан бері мемлекет басшылары өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған 25-ке жуық негізгі құжат қабылдаған. Бүгінгі жиын да тараптар үшін жемісті болды, дейді сарапшылар. Айта кетейік, келесі, яғни ресми кездесу 8 қазанда Түрікменстандағы «Аваза» ұлттық туристік аймағында өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы