«Болашақ ойындары»: Фиджитал-баскетбол жарысы өтіп жатыр
Бүгін «Болашақ ойындарының» екінші күні өтіп жатыр. Әзірге фиджитал-баскетбол дисциплинасы бойынша командалар сайысқа түсіп жатыр. Олардың арасында қазақстандық клубтар да бар. Ел үміт артып отырған спортшылар қалай өнер көрсетті?
Қазақстандық GTB командасы қытайлық клубпен кездесті. Бірінші - цифрлық кезеңде қонақтар шеберліктерін көрсетіп, басым түсті. Екінші кезеңде жерлестеріміз барын салып, басымдық танытты. Дегенмен жалпы есепте сәл ғана сәттілік жетіспеді.
Есет Жарқұлов, спортшы:
Осы турнир аяқталған соң біздің келесі жоспарымыз – бір жылдың ішінде киберспорт жағын өте қатты дамыту. Себебі келесі турнир Бразилияда өтеді. Соған дайындалып, нәтиже көрсетеміз деп ойлаймыз.
Бүгін фиджитал-баскетбол бойынша 16 команда тартысқа түсіп жатыр. Қарсыласынан ұпай санымен озған команда келесі кезеңге өтеді.
Вячеслав Дьяченко, бас төреші:
Бұл спорт түрінде өте тартысты ойын жүреді. Баскетбол 2/2 форматында өткені көрермен үшін әсерлі. Жалпы, бүгінгі жарыста командалар өте тартысты өнер көрсетіп жатыр.
Бұл жарысты тамашалау үшін жиналған көрермен көп. Бірі фиджитал спортымен бұрыннан таныс болса, енді бірі алғаш рет көріп отыр.
Көрермен:
Жалпы, Қазақстанда киберспорт дамып жатыр. Осындай жарыстар арқылы соны көре аламыз. Баскетболды компьютерде және шынайы өмірде қатар ойнағанды бірінші рет көріп тұрмын. Өте күшті екен.
Ал елордалық «Астана» клубы сербиялық командадан басым түсіп, жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы