Аида Балаева халықаралық музыкалық байқаулардың жүлдегерлерін құттықтады
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық музыкалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған қазақстандық жас өнерпаздармен кездесті. Олардың қатарында «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінен жеңіспен оралған Ақерке Амалят пен Жасмина Түзелова, сондай-ақ Италияда өткен музыкалық байқаудың жеңімпазы Ален Басен бар. Кездесуге олардың педагогтері мен ата-аналары да келді.
Лауреаттарды құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және ұлттық бірегейлікті нығайтуда мәдениет пен өнердің айрықша рөліне үнемі тоқталатынын айтты. Жаңа Конституцияда мәдениет пен ұлттық құндылықтар мемлекетті дамытудың ең маңызды негіздерінің бірі ретінде бекітілген. Сол себепті де дарынды балалар мен жастарды қолдау – ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция деді. Сондай-ақ вице-премьер осындай әрбір жеңіс – еліміздің жетістігі екенін айтып, қазақстандық балалардың халықаралық сахнада өзін сенімді көрсетіп жүргеніне ризашылығын білдірді.
Ақерке Амалят 35-рет өткен «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің эстрадалық ән орындаушылар байқауында І орынды иеленіп, «Лира» арнайы сыйлығына ие болды. Ал 13 жастағы Жасмина Түзелова дәл осы фестиваль аясындағы балалар байқауында ІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар оған авторлық ән жазуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат табысталды. Жас виолончельші Ален Басен Италияда өткен халықаралық музыка байқауының жеңімпазы атанды. Ол «Жас таланттар» секциясының екінші жас санатында 100 ұпайдың 100-ін жинап, абсолютті бірінші жүлдеге ие болды.
Ақерке Амалят, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің І орын иегері:
Мен ол сайысқа 8 жыл бойы қатысып, бірде-бір рет өте алмаған болатынмын. Ол – өте үлкен жол. Қазақстан қатарынан бірінші орын, Гран-при алып жатыр. Мұның себебі – бізде ең мықты эстрадалық вокал мектебінің бар екенін тағы да дәлелдеуге болады.
Кездесу барысында жас орындаушылардың кәсіби қалыптасуына педагогтер мен ата-аналардың қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
Гүлзия Тілеубайқызы, Жасмина Түзелованың анасы:
Біз қалай болар екен деп, өте қатты толқыдық. Негізі баланың талантын 4–5 жасында байқадық. Нотаға дұрыс түсіп, даусының тембрі әдемі болған соң оны дамыту керек шығар деп ойладым.
Жасмина Түзелова, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің ІІ орын иегері:
Осындай жетістікке жету үшін 4–5 жыл дайындалдым. Әр жылы қатысып, енді бірінші рет «Славян базарына» қатысып отырмын. Кәдімгідей қиын конкурс. Іріктеу біткеннен кейін мені таңдады. Тоқтамастан жұмыс істеп, дайындалдық.
Өз кезегінде ата-аналар мен педагогтер дарынды балаларға көрсетіліп жатқан қолдау үшін шынайы алғыс айтып, мәдениет пен өнерді дамытуға мейлінше көңіл бөлініп жатқанына ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы