Басты Жаңалықтар БҚО-да Құрылтай сайлауы кезінде мүгедектігі бар жандарға 55 инватакси қызмет етеді

БҚО-да Құрылтай сайлауы кезінде мүгедектігі бар жандарға 55 инватакси қызмет етеді

Батыс Қазақстан облысында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған.

Өңірде дауыс беру құқығына ие мүгедектігі бар 2300-ден астам тұрғын тіркелген. Құрылтай сайлауы күні оларды тасымалдау үшін 55 инватакси қызметі әзір тұр. Қажеттілігіне қарай сурдоаудармашылар да дайын. Барлық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ететін жұмыс тобы құрылған. Жалпы, облыста 502 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 14-і аумақтық, 488-і учаскелік комиссия. Соңғы мәлімет бойынша аймақта 452 мыңнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар.

Жасұлан Нұрғожин, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы:

Барлық сайлау учаскесі 1-қабатта орналасқан. Тиісті тактильді белгілер, есік алдында пандустар және кіруге арналған қоңыраулар – бәрі де орнатылған. 4–5 тамыздан бастап осы жұмыс топтары аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерімен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жасалған жағдайларды тексеру үшін мониторинг ұйымдастырамыз.


Бөлісу