Басты Жаңалықтар Абай облысында ағаш өңдейтін ірі кәсіпорынның іргетасы қаланды

Абай облысында ағаш өңдейтін ірі кәсіпорынның іргетасы қаланды

Семейде «EcoForest» толық циклді экологиялық ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің іргетасы қаланды. Инвестициялық жобаның құны – 67 миллион АҚШ доллары. Оның аясында Семейде 50 гектар аумақта ағаш өңдеу индустриялық паркі, ал Бородулиха ауданында ағашты бастапқы өңдеу кешені салынады. Мұнда шикізат қалдықсыз технологиямен өңделіп, OSB және MDF тақталары, фанера, шпон, инженерлік панельдер, жиһаз, пеллеттер, биоотын және органикалық тыңайтқыштар өндіріледі.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тартуды еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі ретінде үнемі айтып, тапсырма беріп, өзі қадағалап отыр. Көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Соның бір нәтижесі – бүгін басталғалы отырған Семей қаласындағы толық циклді индустриялық-экологиялық парк құрылысы деп айтуға болады.

Кәсіпорын 2028 жылы толық пайдалануға беріледі. Аймақ басшылығының айтуынша, бұл өндіріс өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өндіріс толық іске қосылғанда 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады. Дайын өнімдер ішкі нарықпен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония және Оңтүстік Кореяға экспортталады.

Чжан Ликай, “Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co” компаниясының бас директоры:

Бүгінгі капсула салу рәсімі ауқымды инженерлік-экологиялық жобаның басталғанын білдіреді. Жоба 2023 жылы Семей орманындағы ірі өрт салдарын жоюмен байланысты. Орманның 63,3 мың гектар жері зардап шекті. Зақымданған ағаш көлемі 6 млн текше метрді құрайды. Жоба жасыл ағашты емес, өрттен зардап шеккен учаскелерді санитарлық тазартуға бағытталған.


Бөлісу