ШҚО: Қысқа қажет жем-шөптің 50%-ы дайын
Шығыстағы шаруалар биыл алдағы қысқа өте ерте қамданды. Өйткені өңірді қуаңшылық қысып тұр. Оған қарамастан, бүгінде қорасында төрт түлігі бар ағайын қажетті жем-шөп қорының 50 пайызын әзірлеп үлгерген. Жалпы аймақта осы көктемде 124 мың гектар жерге мал азығына арналған дақыл егілді. Шаппаға шалғы салған шаруалардың жайын тілшіміз Олжас Керейхан көріп келді.
Алтын болмаса да, маңдай термен келген еңбек. Сондықтан әр талы бағалы. Айыртау ауылында тұратын Арман Табыс шабындыққа шалғысын ерте салды. Өйткені азғана малы алғашқы қар жауған күннен бастап қораға қамалады.
Арман Табыс, Айыртау ауылының тұрғыны:
Маған енді 15 тіркеме шөп тұр. Әлі 10 тіркеме шөп керек. Былтырғы шөбім қыста аз болып қалды. Былтыр малда көтерем көп болды.
Арнайы шабындығы жоқ отбасылар өзен бойы мен орман-тоғайдың арасын орады. Ал ірі шаруашылықтар шабындыққа маусым айында шалғы салды. Өйткені пішенді қурамай тұрып бастырып үлгеру керек.
Қуанышбек Отарбаев, шаруашылық жұмысшысы:
Таң атқаннан шығамыз. Кеш батқанша жүреміз. Трактордан түспейміз. Өйткені малға азық керек. Сол жаппай жанталасып жұмыс істеп жатырмыз.
Жанталасқан нәтижеге жетеді. Қуаңшылық деп қарап отырмай, шалғыға ілінгенін алып жатыр. Есесіне таудың шөбі құнарлы болады.
Дамир Асанов, агрокешеннің атқарушы директоры:
Қазіргі таңда шөпті шауып жатырмыз. 50 пайызын шауып тастадық. Бізге биыл 3 мың рулон керек болып тұр. Қазіргі таңда бір жарым мыңын алдық. Жақсы жерінен.
Жердің жаманы жоқ. Тек әрекетке қарай берекеті. Ерте қимылдаған жан еселеп алмаса да, есебін табады. Облыста жалпы 280 мың гектар шабындық, 2 миллион 457 мың гектар жайылым бар. Өңірдегі 679 мыңға жуық төрт түлікке алдағы қыста 1 миллион 630 мың тонна жем-шөп қажет. Алайда аптап ыстықтан шабындықтың аңқасы кеуіп, ауыл тұрғындарына ұлттық парк пен орман шаруашылықтарынан шөп дайындауға рұқсат берілді.
Дамир Мәмиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Ұлттық парктерде 269 мың гектар жайылымдық бар. 15 мың гектардан аса шабындық бар. Оны ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар билеттерін алып, шауып алуға болады.
Шығыста шөп қана емес, дәнді және майлы дақылдардың өсімі де көңіл көншітпейді. Сондықтан шаруалар біртіндеп жаңбырлатып суаратын құрылғыларды орнатып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы