«Болашақ ойындары – 2026»: Баскетболдан турнир басталды
Бүгін «Болашақ ойындары» халықаралық турнирінің екінші күні. Әлем назарын аударған бәсеке тартысты өтіп жатыр. Жарыс алаңынан Жанел Нұрболатқызы тарқатады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Көптен күткен «Болашақ ойындары» елордада жалауын көтерді. Ғаламдық ауқымдағы бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен 800 спортшы келді. Олар сегіз спорт түрінен сынға түседі. Бүгін, мәселен, баскетбол күні.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Қазір, міне, виртуалды емес, кәдімгі спортты тамашалап тұрмыз. Бірінен бірі асқан баскетболшылардың ойынын көрермендер көз алмай тамашалап отыр. Матчтың басталғанына 20 минут болды. Бірақ оның жақын арада аяқталатын түрі жоқ. Расында, тартысты дода!
Қызу бәсекеден соң спортшылар бірден киберспорт кезеңіне кіріседі. Екі команда компьютерге отырып, виртуалды ойын ойнайды. Оның не қиындығы бар дерсіз. Бірақ киберспорт та шахмат пен тоғызқұмалақ секілді стратегиялық ойлау қабілеті мен логиканы талап етеді. «Болашақ ойындарының» білек пен білімді астастырған аламан атануы да сондықтан.
Дүбірлі доданың жүлде қоры – 4 жарым миллион доллардан асады. Бір команданың құрамында әртүрлі мемлекеттердің спортшылары өнер көрсете алады. Яғни ұлттық құрама деген түсінік жоқ.
Брайан Памба, спортшы:
Мен Францияның атынан қатысып жатырмын. Негізі өзім баскетболшымын. Ал киберспорт – хоббиім еді. «Болашақ ойындарының» арқасында екеуін бір арнаға тоғыстыра алдым. Қазақстанға алғысым шексіз. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Біздің елден 11 команда қатысады. Алғашқы күні Қазақстан атынан GTB KZ командасы өнер көрсетті. Олар бірінші раундта Хорватия ұжымына есе жіберді. Десе де, алда баскетболдан әлі төрт ойын бар.
Есет Жаркылов, GTB KZ ойыншысы:
Біз ойынды бірінші болып бастадық. Сондықтан болар, қобалжып, өз деңгейімізді толық көрсете алмадық. Бірақ бәрі әлі алда. Бүгінгі қателіктерді ескеріп, алдағы ойындарда жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
Енді біздің спортшылар Handsome командасына қарсы ойнайды. Баскетболдан матчтар 3 тамызға дейін жалғасады. Билеттер «Болашақ ойындарының» ресми сайтында сатылып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы