Ұлттық теледебат жаңа форматта өтті
«Қазақстанның болашағы – адам капиталы». Құрылтай сайлауына бір ай қалғанда жеті саяси партия өкілдері арасында Ұлттық теледебат өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары аясындағы сайлау қарсаңындағы пікірталас алғаш рет жаңа форматта ұйымдастырылды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мұрындық болған Ұлттық теледебат Алматыдағы жаңа медиакешенде өтті. 3 сағат бойы үздіксіз ұлттық арнаның тікелей эфирінде партия өкілдері әлеуметті алаңдатқан өзекті мәселелерді қаузады.
Ұлттық теледебатқа қатысқан жеті саяси партияның өкілдері жаңа медиакешенге арнайы брендтелген автобустармен келді. Әлемдік тәжірибеде бар бұл формат, Қазақстанда алғаш рет енгізілді. Жаңа бастама қоғамның саяси үдеріске қызығушылығын арттыруды көздейді. Ал пікірсайыс басталғанға дейін Sky студияда саясаттанушылар партиялардың сайлауалды бағдарламаларын саралап, Құрылтай сайлауының саяси маңызына тоқталды.
Жалғас Сәдібекұлы, Qazaqstan ұлттық телеарнасының директоры:
Біздің саяси дебаттың тақырыбы - «Қазақстанның болашағы - адам капиталы». Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы өзінің бүкіл саяси реформаларында да, біздің қабылдаған жаңа Конституциямызда да осы адам капиталына негізгі акцентті қояды. Сондықтан біз де осы үлкен саяси науқан кезінде саяси партиялар адам капиталын қаншалықты дамытқысы келеді, соны өзіміз естіп, соны халыққа жеткізгіміз келеді.
Биылғы ұлттық теледебат мазмұнымен ғана емес, ұйымдастыру форматымен де өзгеше өтті. Алғаш рет партия өкілдері Этика хартиясына қол қойып, заң талаптарын сақтау, қарсыласына құрметпен қарау, жалған ақпарат таратпау және саяси мәдениетті ұстану жөнінде ортақ міндеттеме қабылдады. Ал сөз сөйлеу реті бұрынғыдай жеребемен емес, рандомайзер арқылы анықталды.
Бекнұр Қисықов, қоғам белсендісі:
Әр кандидат теледебаттан өтуі керек деп ойлаймын. Өзіңнің бағдарламаңды кабинетте отырып, болмаса өзіңнің парақшаңда насихаттау - ол бір түрі. Бірақ екінші түрі, озатын түрі - теледебатқа қатысу. Соның арқасында сіз халыққа, яғни, сайлаушыларға өзіңіздің бағдарламаңызды жеткізесіз. Сондықтан теледебат бұл жерде өте жақсы құрал, өте жақсы тәсіл деп ойлаймын.
Ұлттық теледебат бас-аяғы бес кезеңнен тұрды. Алғашқы бөлімде партиялар сайлауалды бағдарламаларын таныстырса, кейін ортақ сауалдарға жауап беріп, өзара пікір алмасты. Одан соң, бір-біріне сұрақ қойып, әлеуметтік желі арқылы жолданған көрермендердің сауалдарына жауап берді. Пікірсайыс әр партияның түйін сөзімен қорытындыланды.
Бақытжан Бұқарбай, саясаттанушы:
Жаңа конституция күшіне енгеннен кейін құрылайын деп жатқан алғашқы институт. Саяси ғылымда «constitutional sequencin» деген ұғым бар. Яғни, алғашқы институт қалай құрылғанына байланысты одан кейін құрылатын институттар соған қарап бой түзейді. Сондықтан, өтіп жатқан науқан өте маңызды қоғамдық бақылау тарапынан болсын,ашықтық тарапынан болсын.
Теледебаттың тағы бір ерекшелігі – қоғамның тікелей қатысуы. Пікірсайыс барысында Демократия институты алғаш рет онлайн сауалнама жүргізді. Яғни, көрермендер партия өкілдерінің жауабына баға берді. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы келген сауалдар тікелей эфирде қойылып, халық пікірталасқа белсенді қатысты.
Жеңісбек Төлен, саясаттанушы, ҚР ҰҒА Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі:
Саяси партиялар енді қоғам алдында, электорат алдында ең бірінші жауапкершілікті алады. Яғни, бұл саяси жүйеде де саяси партиялардың жауапкершілігін бірнеше есе арттырады. Сәйкесінше, әр партия электораттың көңіл-күйінен, үдесінен шығу үшін белсенді жұмыс жасайды. Сондықтан бұл азаматтардың да саяси процестерге белсенді қатысуына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Осылайша, ұлттық теледебат саяси пікірталастың жаңа форматын қалыптастырды. Айта кетейік, тікелей эфир барысында көрермендерден ең көп түскен сауал - әлеуметтік мәселелерге қатысты болды. Одан кейін, экономика мен мәдениеттің төңірегендегі сұрақтар кеңінен талқыланды. Көрермендер саясат пен экологияға да бей-жай қарамайтындықтарын аңғартты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы