Басты Жаңалықтар «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі басталды

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі басталды

Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі өтіп жатыр. Кеше ашылу салтанаты өтті. 9 тамызға дейін жалғасатын сайыста 34 елден 800 спортшы бақ сынайды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне бірнеше елдің президенттері арнайы келген. Азамат Бейбітұлы тарқатып айтады.

Іс-шараның ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Ал Ресей президенті Владимир Путин құттықтауын жолдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бұл жарыстың мән-маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін.

Президент осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Болашақ ойындарын» ашық деп жариялады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Міне, дәл қазір Астанада «Болашақ ойындары» ресми әрі салтанатты түрде басталды. Енді екі аптадай уақыт елордада өте қызықты жарыстар өтеді. Жалпы, фиджитал спорты әлемнің 115-тен астам елінде және Қазақстанда да дамып келеді. Мәселен, бұған дейін өткен «Болашақ ойындарында» біздің командалар фиджитал-шутер дисциплинасында екі рет қатарынан чемпион атанды. Демек, фиджиталдағы фавориттер бізде бар. Соларға үміт артамыз.

Жалпы, бұл турнирдің Қазақстанда өткізілуі заңдылық дейді, сарапшылар. Мысалға, биылғы жыл елімізде - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Осы саланы дамыту үшін тұтас бір министрлік құрылды. Ұлттық кеңес те жұмыс істеп жатыр. Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Осының бәрі де мультиспорт бағытымен және заман талабымен астасатын, үндесетін бастамалар.

Дэн Меркли, Phygital International бас атқарушы директоры:

Қазақстан инновацияларға, технологияларға, жастарды дамытуға және халықаралық ынтымақтастыққа инвестиция салуға нақты ұмтылысын көрсетіп отыр. Бұл басымдықтар фиджитал-қозғалыс құндылықтарымен тығыз байланысты, осының арқасында Астана фиджитал-спорт саласындағы жетекші әлемдік оқиғаны өткізудің табиғи алаңына айналып отыр.

Президент атап өткендей, елімізде AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді. Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылмақ. Ал осы «Болашақ ойындард» спортшыларымызға зор сенім артылып отыр.

Нұржан Қоянақов, киберспортшы:

Біздер Киберспорт федерациясының лигасы ашық ойын ұйымдастырған болатын. Соған өз командамызбен ойнап, іріктеуден өтіп, бірінші орын алып, осындай деңгейдегі турнирға өтіп тұрмыз.

Салтанатты шара барысында көрермендер театрландырылған шоу мен отандық эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаны тамашалады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Киберспорт кейбір спорт түрінен озып барады. Бірқатар дисциплинасы Азия ойындарына енді. Олимпиадаға да қосу талқыланып жатыр. Қазір ойын баласы компьютерде отырса, фиджитал спортпен шұғылданып жатыр деп біліңіз. Мысалы, осы «Болашақ ойындарының» жалпы жүлде қоры 4 млн 650 мың доллар. Жарыстың форматы ойын сияқты шығар, бірақ, ақшасы ойыншық емес.

Биылғы «Болашақ ойындарының» басты ерекшелігі – жарыс клубтық форматта өтеді. Спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады. Ел атынан 11 команда мен жекелеген спортшылар бақ сынайды. Спортшыларымызға жанкүйер болып, жеңіске бірге жетейік!


Бөлісу