Басты Жаңалықтар Жылу жүйелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінді

Жылу жүйелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінді

Өскемен қаласында қазір 281 гигакалория жылу жетіспейді. Өйткені өңірде өндіріспен қатар тұрғын үй және әлеуметтік нысандар ерекше қарқынмен салынып жатыр. Ал қалада екі жылыту электр орталығы мен бір қазандық бар. Алайда шаһар өскен сайын олардың қуаты жетпей жатыр. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс басшылығына үшінші жылыту электр орталығын салуды тапсырған. Қысы ерте түсіп, 6 айға созылатын аймақта дайындық қалай? Әріптесім Олжас Керейхан білуге тырысты.

Олжас Керейхан, тілші:

Риддер. Кеншілер шаһарындағы жыр болған жылу жүйесін жаңғыртуға соңғы үш жылда мемлекеттен 22 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Нәтижесінде стансаның жалпы тозу деңгейі қазір 74-тен 43 пайызға төмендеді. Бүгінге дейін 6 қазандық іске қосылды. Былтырдан бері турбина цехы жаңартылып жатыр.

Баймұханбет Молдабаев, турбина цехының ауысым бастығы:

Қыстай екі турбина жұмыс істеп шықты. 17-18 МВт-тан жұмыс алып шықты. Қаладағы жылу да бізде, ыстық су да бізден кетеді.

Қалада 130 шақырым жылу құбырының соңғы 2 жылда 30 шақырымы жөнделді. Биыл тағы 4 шақырымға жуық желі жаңартылып жатыр.

Кирилл Голота, «Шығыс жылу» АҚ филиалының директоры:

Жылыту орталығындағы бесінші және алтыншы қазандықтардың кейбір бөлшектерін толық жаңартуға Үкімет 1 миллиард 400 миллион теңге бөлді. Жаңғырту жұмысы биыл мамыр айында басталды. Қазір жылыту орталығы қысқа 60 пайыз дайын.

Өскемендегі нөмірі екінші жылыту қазандығы. Салынғанына жарты ғасырдан асқан нысанды да үлкейтіп, құрал-құрылғылары жаңарып жатыр. Бұл жай қазандық болса да, облыс орталығы үшін ерекше маңызды.

Ренат Оразбаев, «Шығыс жылу» АҚ бас директоры:

Нөмірі екінші қазандықты кеңейтудің арқасында қаланың сол жағалауының біраз бөлігін жылумен қамтимыз. Бұл нысан толық жөнделген соң 100 гигакалория қосымша жылу береді.
Жалпы облыста 3 жылыту электр орталығы жылына 1300 гигакалория жылу өндіреді. Оған қоса 34 қазандық тағы бар. Биыл осы коммуналдық мекемелерді жамап-жасқауға Үкіметтен 28 миллиард 300 миллион теңге бөлінді.

Оған қоса жаңадан салынатын үшінші жылыту орталығының жобасы жасалып жатыр.

Досжан Ағыбаев, облыстық ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

Үшінші жылу орталығының жалпы жылу қуаты 1000 гигакалория болады. Яғни біздің 281 гигакалория жылу тапшылығын ол толығымен жойып, жылу энергиясы бойынша профицитке жетуге мүмкіндік береді.

Бүгінге дейін жылыту электр орталықтары қысқа 60, ал дербес қазандықтар 70 пайыз дайын. Жөндеу, жаңғырту, жаңалау жұмысы осы қарқыннан қалмаса, қыркүйектің бірінде бәрі аяқталуы тиіс. Сондықтан кейбір нысандарда жұмысшылар екі ауысыммен істеп жатыр.


Бөлісу