Түркияда той-думанда ысырапқа жол берілмейді
Жаз – той-думанның маусымы екені рас. Жас жұбайлардың көбі үйлену тойын негізінен осы мезгілге жоспарлайды. Түркияда да солай екен. Жастар өмірдегі ең маңызды күндерінің бірін туған-туыс, дос-жаранның ортасында, күн жылыда өткізгісі келеді. Бауырлас түрік елінде тұрып жатқан қандастарымыздың қуаныштары қалай өтеді? Біздің тойлардан айырмашылығы неде? Анадолы еліндегі тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Біз қазір Ыстанбұлдағы тойханалардың бірінің алдында тұрмыз. Бұл жерде Түркияда тұратын қазақтардың үйлену тойы өтіп жатыр. Қазір ішке кіріп, шетелдегі қандастарымыздың тойы қалай өтетінін сіздерге де көрсетейік.
Үйлену тойы жас жұбайлардың залға кіріп, үлкендердің бата беруімен басталады. Екі әулеттің үлкендері жастарға ақ тілегін арнаған соң, қонақтар орындарына жайғасып, беташарға кезек беріледі.
Бір ерекшелігі – Түркиядағы тойларда асаба болмайды. Тек жүргізуші ғана қысқа хабарландыру жасап отырады. Сондай-ақ тойға жиналған халықтың жастарға ұзын-сонар тілек айтуы да жоқ. Той басталарда қос тараптың үлкендері бірер ауыз лебізін білдіреді.
Айнұр Түркөз, Ыстанбұл қаласының тұрғыны:
28 жастағы жалғыз ұлымды үйлендіріп жатырмын. Тойға 600 адам шақырдық. Көпшілігі келді. Тек Түркияда емес, шетелде тұратын туысқандарымыз да жиналды.
Айхан Кылыч, Ыстанбұл қаласының тұрғыны:
Менің тұңғыш қызымның тойына қош келдіңіздер. Біз де Қазақстандағыдай той жасағымыз келеді. Алайда үлкен қалада ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз тойды түрік тойларына ұқсатып жасаймыз. Дегенмен «беташар», «қоржын ашу» сияқты дәстүрлерімізді әлі де сақтағанбыз.
Түркиядағы тойларға 300-500 арасында адам шақырылады. Елдің әр түкпірінде тұратын туған-туыстардан бөлек, Еуропадағы қазақтар да арнайы келеді. Алайда аста-төк дастархан, астау-астау ет тартылмайды. Басы артық ысырап жоқ. Тек бір ыстық тамақ пен салқын сусындар ғана беріледі.
Қадіс Зәлин, Вена қаласының тұрғыны:
1979 жылы Аустрияға алғаш барған қазақтардың бірімін. Менің қайнатамның немересі болады осы үйленіп жатқан. Мына балаларымыздың бәрі осы тойға келіп жатыр. Еуропада да тойлар осындай. 20 жыл болды, осындай түрікке ұқсайтын той болады.
Түркиядағы тойлардың барлығында дерлік түріктің ұлттық билері биленеді. Ең танымалы – Халай биі. Ал қазақтардың бірде-бір тойы «Қара жорға» биінсіз өтпейді.
Жетпіс жылдан аса Түркияда тұратын қандастарымыздың өмір салтына жергілікті мәдениеттің әсер етуі заңдылық. Мұндағы қазақтардың үйлену тойларында кей түрік дәстүрлері де кездеседі. Соның бірі – қалыңдық пен күйеу жігітке сыйлық ретінде ақша мен алтын тағу. Бұл үйлену тойындағы ең маңызды рәсім саналады да, бірнеше сағатқа созылады. Осы негізгі рәсім аяқталған соң, той да тарқай бастайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы