Алматыда үш бағытты тоғыстырған ғылыми зертхана ашылды
Алматыда алғашқы халықаралық ғылыми орталық базасында Қытай Ғылым академиясының академигі Гао Фу атындағы зертхана ашылды. Мақсат –«Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы негізінде адам, жануар және қоршаған орта денсаулығына қатысты мәселелерді бірлесе зерттеп, биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу. Бұған дейін бұл салалар көбіне жеке-жеке қарастырылып келді. Адам медицинасы бір бағытта, ветеринария екінші бағытта, ал су, топырақ, климат сияқты қоршаған орта факторлары бөлек зерттелді. Ал жаңа орталық осы бағыттарды біріктіріп, ортақ ғылыми шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді, дейді мамандар. Мәселен, көптеген жұқпалы ауру жануарлардан адамға тарауы мүмкін. Сонымен қатар климаттың өзгеруі, су мен топырақтың жағдайы да халық денсаулығына әсер етеді. Сондықтан мұндай қауіптердің алдын алу үшін ғалымдар бірлесіп жұмыс істеуі қажет, деп отыр. Орталықта үш негізгі зертхана жұмыс істейді. Олар – жасыл технологиялар, генетикалық зерттеулер және вирустарды зерттеу, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі бағыттары. Зертханаларда халықаралық стандарттарға сай зерттеулер жүргізіліп, өнімдердің қауіпсіздігі тексеріледі.
Пірімқұл Ибрагимов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
Болашақта басты мақсат - ғалымдар дайындау, сонымен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізу. Қытаймен экспорттар жоғарылап жатыр. Сол себепті стандарттармен бірлесіп, осы зертханада сынамаларды өткіземіз. Ветеринария бағыты бойынша бұл салада бірлескен бірнеше жобаларымыз бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы