Қаржылық мониторинг агенттігі жарты жылдық жұмыс қорытындысын жариялады
Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Президентке агенттіктің биылғы жарты жылдағы жұмыс қорытындысы таныстырылды. Жанат Элимановтың мәліметінше, 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22 млрд 600 млн теңге өтелген. Сондай-ақ 7 қылмыстық топтың, 176 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен қаржыны жылыстатуға пайдаланылған 12 заңсыз криптоайырбастау пункті жойылып, 113 млрд теңге өткізген 36 дропперлік топ анықталған. Бұдан бөлек, бюджет қаражатын бақылау нәтижесінде 279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмей, ғылыми жобаларды коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңгені жымқыру ықтималдығы анықталған. Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысының негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы