Шымкентте биыл 62 шақырымға жуық электр желісі жаңартылады
Шымкентте биыл 62 шақырымға жуық электр желісі жаңартылады. Сондай-ақ мегополисті үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету үшін алдағы үш жылда 8 қосалқы станция салынбақ. Сол кезде шаһарда энергия тапшылығы мүлдем болмайды дейді, мамандар. Әріптесім Ернұр Уәлиханның материалы.
Аптап ыстықта қалада электр энергиясын тұтыну көлемі күрт артты. Желіге түсетін жүктеме сағатына 200-ден 459 мегаватқа дейін артқан. Салдарынан бірнеше шағын аудан мен 16 көшеде жарық сөнген. Мамандар күшейтілген режимге көшіп, ақау шыққан учаскелерді қалпына келтіріп жатыр.
Нұрмұхамед Қарабеков, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС техникалық директор орынбасары:
Электр энергиясын тұтыну көлемі, әсіресе, шілде айында және қыс мезгілінде айтарлықтай артады. Бұл жазда әр үйде салқындатқыштар мен мұздатқыштардың көп қолданылуына, ал қыста жылытқыштардың көбеюіне байланысты. Қазіргі таңда туындаған ақаулар кезең-кезеңімен жойылып, электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Төрт ауданда электр желілерін жаңартып жатыр. Сонымен қатар, мегаполистің электр жүйесіне түсетін жүктемені азайту үшін қалада жаңа қосалқы станциялар салынуда.
Манас Тынышбек, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
8 қосалқы станция 2026-2029 жылдар аралығында салынып, қуат көзінің тапшылығы жойылады. Бұдан бөлек Оңтүстік жарық транзит мекемесі тарапынан 2026 жылы 59 км жуық электр желілерін жаңартады.
Жалпы, қаладағы электр желілері 57 пайызға тозған. Сондықтан инвестициялық бағдарлама аясында былтыр 112 шақырымнан астам электр желісі жаңартылса, биыл тағы 62 шақырымға жуық желіні жөндеу жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы