Басты Жаңалықтар «Бақты» құрғақ портының құрылысы басталды

«Бақты» құрғақ портының құрылысы басталды

Қазақстан–Қытай шекарасында «Бақты» құрғақ портының құрылысы басталды. Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Port Baqty» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгенов құрылыстың алғашқы іргетасын қалады.

«Бақты» – Достық пен Қорғастан кейінгі Қазақстан–Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелі болмақ. Жобаны іске асыру үшін 150 гектар жер бөлініп, құрғақ порт мәртебесі беріледі. Өткел құрылысына 210 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Құрылыс биыл басталып, 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады. Мультимодальды нысан дайын болғанда осы Бақты порты арқылы жүк тасымалы жылына 20–25 млн тоннаға дейін артпақ.

Берік Уәли, Облыс әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуді және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруды стратегиялық басымдықтың бірі ретінде айқындады. Бақтыдағы жоба осы бағыттағы міндеттерді іске асырудағы маңызды қадамның бірі.

Құрғақ порттың негізін 303 шақырымдық Аягөз–Бақты теміржол желісі құрайды. Оны «Қазақстан темір жолы» салып жатыр. 3 жылдан кейін пайдалануға беріледі, ал контейнерлік транзит 2030 жылы басталмақ. Терминал іске қосылғанда 1000 адамға тұрақты жұмыс табылады. Сервистік салалардың дамуы есебінен ауданда тағы екі мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. Қызметкерлер үшін 200 орындық қонақүй, асхана, спорт залы, медициналық пункт және логистикалық компаниялар мен кеден брокерлеріне арналған кеңсе алаңдары қарастырылған. Жоба инвестиция тартуға, шекаралық аймақтардың дамуына тың серпін береді.


Бөлісу