ШҚО-да стратегиялық маңызы бар нысандар салынып жатыр
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 961 мың шаршы метр үй салынады. Нәтижесінде 9 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. Бұл өңір тек тұрғын үй емес жалпы құрылыс қарқыны жағынан елімізде алғашқы үштікке кіреді. Зайсан мен Қатонқарағай ауданында әуежай, ал Өскеменде жаңа темір жол вокзалы және үлкен жол айрығы салынып жатыр.Тікелей президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Сондықтан аймақтағы стратегиялық нысандардың құрылыс қарқынын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев барып көрді.
Риддер жылыту орталығын жаңғырту үшін жыл сайын үкімет резервінен 5 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде станса 90 пайызға жаңарды. Дегенмен жөндеу жұмысы әлі тоқтаған жоқ.
Сақадай сай болу үшін өңірдегі жылыту орталықтары да жыл сайын жаңғыртылып жатыр. Бүгінге дейін Риддер қаласы қысқа 58, ал Өскемендегі жылыту орталығы 62 пайызға дайын. Былтырдан бері Өскеменнің сол жағалауын жылытып тұрған нөмірі екініші орталық жаңғыртылып жатыр.
Ренат Оразбаев, «Шығыс жылу» АҚ бас директоры:
Бұл орталық толық жаңғыртудан өткен соң жылудың қуаты тағы 100 гигакалориге артады. Бұл тұтынушылар үшін үлкен көмек.
Дегенмен облыс орталығында қазір 247 гигакалория жылу жетіспейді. Сондықтан Президент тапсырмасымен Өскеменде үшінші жылыту электр орталығы салынбақ. Премьер-министрдің бірінші орынбасары әр нысанның құрылыс қарқынын көрді. Өскеменде алғашқы темір жол вокзалы 1938 жылы салынған. Былтыр ескісі сүрілді. Орнына жаңасы салынып жатыр. Биыл тамызда пайдалануға берілуі тиіс.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Мемлекет басшысының қолдауымен қазір 124 вокзал бізде қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Оның ішінде оншақтысы жаңадан салынып жатыр. Бұл өте жақсы. Өйткені халқымыз көбінесе осы темір жолмен жүреді.
Қала қарқынды дамыған сайын көлік те көбейді. Әсіресе таңертең кешке Ертістегі көпір мен оның маңындағы төрт жолдың қиылысында кептеліс болады. Көпірдегі нөпірді азайту үшін былтыр күзде ірі екі қабатты жол айрығы салына бастады. 36 миллиард теңге болатын құрылыс жұмысының бүгінге дейін 40 пайызы істелді.
Алмат Ақышев, қала әкімі:
Осы жол дәлізімен күніне 80 мыңға жуық көлік өтеді. Көлік саны азаяр емес, көбейе береді. Қазірдің өзінде 132 мың автокөлік бар. Қазір мердігердің есебінен өз қаражатымен 10 миллиардқа жуық жұмыс артық істелді. Дегенмен де бұл жұмыс тоқтаған жоқ.
Жұмысы тоқтамай жүріп жатқан тағы бір нысан - Қатонқарағайдағы әуежай. Нұрлыбек Нәлібаев әуежайда былтырдан бері істелген жұмысты көріп, мердігер компания жетекшілеріне нақты тапсырма берді. Сонымен қатар өңірдегі тау-кен компаниясында жұмыс істейтін кеншілермен кездесті. Риддер қаласындағы туристік нысандардың қызметімен де танысты. Республикалық маңыздағы ең ірі Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын және Қатонқарағай бағытында жол құрылысының қарқынын көрді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы